Түркия және тағы 11 ел Израильдің Сириядағы әскери базаға жасаған соққысын айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия және тағы 11 ел Израильдің Сириядағы Әбу әд-Духур әуе базасына жасаған соққысын «шектен шыққан шиеленісу» деп бағалап, елдің егемендігін бұзу ретінде айыптады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Түркия және тағы 11 ел Израильдің Сириядағы әскери базаға жасаған соққысын айыптады
Фото: Anadolu ajansı

Түркия, Алжир, Индонезия, Иордания, Ливан, Малайзия, Мавритания, Пәкістан, Палестина, Қатар, Сауд Арабиясы және Сомали сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, Сирияның солтүстік-батысындағы Әбу әд-Духур әскери базасына Израиль ұшақтарының жасаған соққысын қатаң айыптады.

Олардың бағалауынша, бұл шабуыл Сирияның «егемендігін, аумақтық тұтастығы мен саяси бірлігін өрескел бұзу» болып саналады.

Министрлер Сирия аумағы мен инфрақұрылымына жасалып жатқан соққының жалғасуы қауіпсіздік пен мемлекеттік институттарды қалпына келтіру жұмыстарына қауіп төндіретінін, сондай-ақ бірнеше жылға созылған қақтығыстың гуманитарлық салдарын ушықтыруы мүмкін екенін ескертті.

Мәлімдемеде Сирияның егемендігін одан әрі бұзу аймақтағы шиеленісті күшейтіп, Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіруі, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына деген құрметті әлсіретуі мүмкін екені айтылған.

Сыртқы істер ведомстволарының басшылары халықаралық қауымдастықты Сирияға жасалып жатқан шабуылға қатысты «берік, айқын және принципті ұстаным» танытып, заң бұзуды тоқтату үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.

Сонымен қатар министрлер 1974 жылғы күштерді ажырату туралы келісімді сақтауға шақырып, Израиль күштерін өздері басып алған аудандардан шығаруды талап етті. Олардың пікірінше, бұл одан әрі шиеленістің алдын алып, өңірдегі тұрақтылықты сақтауға қажет.

Елдер Сирияның егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен саяси бірлігін қолдайтынын тағы да растады және осы қағидаттарға нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекетті қабылдамайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Түркия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты геноцид ісі бойынша Интерполдан «қызыл хабарлама» жариялауды сұрағаны туралы жазған болатынбыз