Түркия Жерорта теңізіндегі ең үлкен әуе кемесін құрастырды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия жаңа Ұлттық әуе тасымалдаушысы (MUGEM) жобасымен француздың Charles de Gaulle әуе кемесін басып озып, Жерорта теңізіндегі ең ірі әскери кеме салған мемлекетке айналмақ, деп хабарлайды Анадолы.  

Түркия Жерорта теңізіндегі ең үлкен әуе кемесін құрастырды
Фото: Анадолы

Францияның Le Figaro газеті хабарлағандай, президент Режеп Тайып Ердоған өткен аптада TEKNOFEST Mavi Vatan фестивалінде «алып жобаның» ресми бастауын жариялады. Жоспар бойынша, әуе тасымалдаушы толықтай Түркияда жобаланып, салынып, 2030 жылға қарай сапқа қойылады.

Басылым деректеріне сәйкес, «Ұлттық әуе тасымалдаушысының» ұзындығы 285 метр, ені 72 метр, ал су ығыстырғыш көлемі 60 мың тоннадан асады. Бұл көрсеткіштер француздың Charles de Gaulle әуе кемесінен (261 метр, 42,5 мың тонна) айтарлықтай артық. Кеме жойғыш ұшақтармен қатар Kızılelma және ANKA 3 сияқты жаңа буынды соққы беруші дрондарды да тасымалдай алады.

Әуе тасымалдаушыны 2027–2028 жылдары суға түсіру жоспарланған. Ол 50 әуе аппаратын алып жүре алады. Батыстық баламаларынан айырмашылығы, кеме бастапқыдан-ақ заманауи дрондық жүйелерді пайдалану үшін жобаланған.

Жергілікті баспасөзге берген сұхбатында инженер-лейтенант Айкут Демирезен кеме Түркиядан Нью-Йоркке дейін барып, кері қайтуға жанармай құймай-ақ қауқарлы екенін айтты. Оның сөзінше, мұрын бөлігінің ерекше құрылысы отынды 1,5 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Le Figaro атап өткендей, әуе тасымалдаушының 80 пайыздан астам компоненттері Түркияда өндірілетін болады. Бұл жоба елді осындай деңгейдегі кемелерді өз күшімен құра алатын санаулы мемлекеттердің қатарына қосады.

Ердоған бұған дейін жаңа әуе тасымалдаушы TCG Anadolu-дан да асып түсетінін, оны «түрік флоты үшін тарихи қадам әрі Палестина мен Сомали секілді езілген халықтарды қолдаудың символы» деп атаған еді.

Сонымен бірге басылым Франция да өз жобасын — су ығыстыру көлемі 75 мың тонналық PANG кемесін жасап жатқанын еске салды. Ол келесі онжылдықта «Жерорта теңізінің жаңа алыбына» айналмақ. 

Айта кетелік Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің өз радарларын басқару және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін дамыту ниетін мәлімдеген еді

Соңғы жаңалықтар