Түркияда аса ауқатты адамдар саны бес жылда екі есеге артқан
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бес жылда Түркияда байлығы 30 миллион доллардан асатын адамдар саны 93,5%-ға өсіп, 4 208 адамға жетті. Бұл туралы Ekonomim басылымы халықаралық әл-ауқат жөніндегі есепке сілтеме жасап, 24kg жазды.
Болжам бойынша, 2031 жылға қарай елдегі аса ауқатты азаматтар саны тағы 13%-ға артып, 4 772 адамға жетеді. Сонымен қатар миллиардерлер саны да көбеймек: қазіргі 35 адамнан 46 адамға дейін, яғни 31%-ға өседі деп күтіледі.
Жалпы әлем бойынша осы кезеңде 30 миллион доллардан астам байлығы бар адамдар саны 551 435-тен 713 626 адамға дейін өсіп, 29%-ға артқан. Негізгі өсім АҚШ-та тіркелсе, одан кейін Қытай келеді.
Түркия ауқатты адамдар саны ең жылдам өсіп жатқан елдердің қатарына енді. Дегенмен сарапшылар бұл үрдіс жоғары инфляция мен әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі аясында жүріп жатқанын атап өтеді.
Айта кетейік, Түркия 2026–2035 жылдар аралығын «Отбасы және демография онжылдығы» деп жариялады.