Түркияда құрғақшылықты бақылау қызметі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия елдегі құрғақшылық деңгейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін алғашқы тегін сервис іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияда құрғақшылықты бақылау қызметі іске қосылды
Фото: Midjourney

Ыстанбұл техникалық университетінің технологиялық паркінде микроклимат бойынша сарапшы Гүвен Фиданның жетекшілігімен Альказар жасаған интерактивті карта 1990 жылдан бүгінгі күнге дейінгі деректерді қамтиды.

Платформа пайдаланушыларға кез келген қаланы немесе аймақты таңдауға, кейінгі 35 жылдағы құрғақшылық өзгерістерінің графиктерін көруге және ұзақмерзімді көрсеткіштердің таралуын бағалауға мүмкіндік береді. 

Сарапшының айтуынша, Түркияда тұрақсыз жауын-шашын, жерасты сулары деңгейінің төмендеуі ауыл шаруашылығына қауіп төндіріп жатыр. Сондай-ақ ол оған дер кезінде шара қолданылмаса, ел келешекте су ресурстарының күрделі проблемаларына тап болатынын атап өтті. 

Жаңа қызмет ауыл және су шаруашылығы мамандарына да, жалпы халыққа да арналған. Әзірлеушілер платформаның болашақта жаңа мүмкіндіктермен кеңейтілетініне уәде берді, оның ішінде климаттық параметрлердің егжей-тегжейлі көрсеткіштері мен өсімдік жайын талдау қызметі бар. 

Климаттың өзгеруіне және жер мен су ресурстарына жүктеменің артуына байланысты 2023 жылдан бері бүкіл әлемді құрғақшылық жайлағанын бұған дейін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар