Түркияда орман өрті басылмай тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Муғла аймағында орман өрті көрші ауданға тарай бастады, ал Антальяда өрт бәсеңдей бастады, деп хабарлайды Kazinform-ның Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркияның оңтүстік-батысында, атап айтқанда Мұғла аймағының Ментеше ауданында өрт өршіп тұр. Яраш ауданында басталған өрт қатты соққан желдің екпінімен көрші отырған Ула ауданының Армутчук елді мекенін қоршап тұрған ормандарға жетті.
Өртті сөндіруге 7 ұшақ, 13 тікұшақ, 32 өрт сөндіру көлігі, 7 бульдозер, 62 су таситын көлік, 12 ауыр техника және 232 өрт сөндіруші жұмылдырылған. 11 автокөлік пен жедел жәрдем көліктері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
Әзірше Ментешеде екі, Улада бір — жалпы үш үй эвакуацияланған. Үш сиыр, жүзге жуық уақ мал құтқарылған. «Муғла — Денизли» күре жолындағы көлік қозғалысы қазір ерекше бақылауда.
Ал Анталья аймағының Серик ауданында кеше басталған өрт бүгін бәсеңдеді. 75 өрт сөндіру көлігі мен 3 ауыр техниканы қолдана тілсіз жаумен түнімен күресіп шыққан өрт сөндірушілерге таңертең ұшақтар көмекке келген.
Бұл өрттердің тұтануына не себеп болғаны әзірше белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Түркияның үш ауданында орман өртенген. Артынша күдікті ретінде 12 адам ұсталған.
Нұрлан Тұяқов