Түркияда сәуір айында экспорт көлемі 25,4 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша Түркия экспортының соңғы 12 айдағы көлемі 275,8 млрд долларға жетті, деп хабарлайды Анадолы.
Биыл сәуір айында Түркия экспорты 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға өсіп, 25,4 млрд доллар болды. Бұл туралы сәуір айындағы сыртқы сауда деректеріне түсініктеме берген Түркияның Сауда министрі Өмір Болат мәлімдеді.
— Сәуір айында экспорт өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға өсіп, 25,4 млрд долларға жетті. Бұл — сәуір айы үшін ең жоғары көрсеткіш және айлық экспорт көлемі бойынша тарихтағы екінші нәтиже, — деді министр.
Сондай-ақ Өмір Болат 2026 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша соңғы 12 айдағы экспорт көлемі 275,8 млрд долларға жетіп, жаңа экспорттық рекорд орнатқанын атап өтті.
Айта кетелік Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2026–2035 жылдар аралығын «Отбасы және демография онжылдығы» деп жариялағанын мәлімдеді.