Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркияда төрт жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан Республикасының азаматын Түркия Республикасында ұстады.

Түркияда төрт жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды
Фото: Polisia.kz

— Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және Қазақстан Республикасы ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Анталья қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды, — деп хабарлады полиция.

Тергеу мәліметіне қарағанда, күдікті 2021 жылдың тамызы мен қыркүйегі аралығында сыбайластарымен алдын ала сөз байласып, азаматтардың сеніміне кіріп, 6 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтық жолмен иемденген.

16 шілдеде күдікті Түркия Республикасынан Қазақстан Республикасына депортацияланды. Оны елге қайтаруға Қазақстан Республикасының Анталья қаласындағы бас консулдығы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері көмектесті.



Айта кетейік, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген төрт адамды ұстады. Қылмыстық істер материалдарына сәйкес, олардың әрекеттерінен келтірілген жалпы материалдық шығын 568 миллион теңге болды.

Еске салайық, бұған дейін ҰБТ-ға дайындаймын деп алдаған күдікті Албаниядан Қазақстанға жеткізілгенін хабарлағанбыз.