Түркияда заңсыз көші-қонға қарсы күрес күшейді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның құқық қорғау және қауіпсіздік органдары бірқатар ауқымды операциялар жүргізіп, нәтижесінде ондаған заңсыз мигрант ұсталды. 

Түркияда заңсыз көші-қонға қарсы күрес күшейді
Фото: www.dailysabah.com

Елде заңсыз көші-қонмен күрес шаралары жалғасып жатыр. Эдирне және Кыркларели (солтүстік-батыс өңірлер), сондай-ақ Измир (батыс өңірі) провинцияларында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында құқық қорғау органдары заңсыз жүрген 66 адамды ұстады.

Эдирне провинциясында тексеріс кезінде шекараны заңсыз кесіп өткен 6 шетелдік азамат анықталды. Қажетті рәсімдерден кейін олар көші-қон мәселелері жөніндегі провинциялық басқармаға тапсырылды.

Көршілес Кыркларели провинциясында тағы 6 заңсыз мигрант ұсталып, олар уақытша ұстау орталығына жіберілді.

Ең көп ұстау жағдайы Измир провинциясының Чешме ауданында тіркелді. 30 маусымға қараған түні жағалау күзетінің дроны Бабюр шығанағы маңында мигранттар тобын анықтады. Кейін жағалау күзеті мен жандармерияның бірлескен операциясы нәтижесінде 18 адам ұсталды.

Сол күні таңертең жағалау бақылау жүйесі Чешме маңында үрлемелі қайықты байқап, жағалау күзеті оны тоқтатты. Қайықтағы 36 заңсыз мигрант та ұсталып, тиісті көші-қон органдарына тапсырылды.

Түркия Еуропаға өтетін негізгі транзиттік бағыттардың бірі болып қала береді. Соңғы жылдары ел билігі шекара қауіпсіздігін күшейтіп, заңсыз көші-қон мен адам тасымалымен айналысатын топтарға қарсы операцияларды жиілетті.

Бұған дейін бір ай ішінде Түркияда заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 200-ге жуық адам және 4 мыңнан астам заңсыз мигрант ұсталғаны хабарланған болатын.

Анталияда мигранттар мінген қайық пен катер соқтығысып, 14 адам қаза тапты.