Анталияда мигранттар мінген қайық пен катер соқтығысып, 14 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Анталия провинциясындағы Демре ауданы жағалауында тоқтау туралы талапқа бағынбай қашуға тырысқан қайықтың жағалау күзеті катерімен соқтығысуы салдарынан 14 заңсыз мигрант көз жұмды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Анталия губернаторы Хулуси Шахиннің дүйсенбі, 9 наурыз күні өткен брифингте айтуынша, таңғы сағат шамамен 06:00–де Демре ауданына қарасты Беймелек шағын ауданының жағалауында ішінде заңсыз мигранттары бар қайық анықталған. Олардың арасында Ауғанстаннан келген әйелдер мен балалар да болған.
Губернатордың айтуынша, жағалау күзеті тоқтау туралы талап қойғанымен, қайық тоқтамай, жоғары жылдамдықпен маневр жасап қашуға тырысқан. Соның салдарынан қайық жағалау күзеті катерімен соқтығысқан.
— Мигранттардың бір бөлігі теңізге құлап кетті. Қайықта қалғандардың кейбірі жағалауға жеткенімен, шұғыл медициналық көмекті қажет етті. Жағалауға жеткен 14 заңсыз мигрант жандармерия бөлімшелері тарапынан ұсталды, — деді Шахин.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жағалау күзеті қызметкерлері тағы 7 мигрантты құтқарып, оларға жедел жәрдем бригадалары алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Оқиға салдарынан теңізге батып кеткен 14 адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта жағалау күзеті мен жандармерия бөлімшелері құрлықта, теңізде және әуеде іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Италия миграциялық саясатты қатаңдатып, теңіз блокадасын енгізеді.