Түркияда жасөспірім үйлену тойының қонақтарын абайсызда жарақаттады
АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға Түркияның Денизли провинциясында қалыңдықты ата-анасының үйінен әкету рәсімі кезінде болды, деп хабарлайды Milliyet.
Үйлену тойында жүрген 15 жастағы жасөспірім қалыңдық үйден шығып бара жатқан сәтте ауаға мылтық атпақ болды. Алайда оқтар жерге тайқып тиіп, үйлену тойына келген 11 қонақты жарақаттады.
Зардап шеккеннің барлығы ауруханаға жеткізілді. Басылымның мәліметінше, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Жасөспірім түсініктеме беру үшін жандармерия бөлімшесіне жеткізілді, тергеу басталды.
Осыған дейін Ауғанстанда үйлену тойындағы бірқатар рәсімге тыйым салынғанын жаздық.