Түркиядағы туристік автобус апаты: сегіз адам қаза тапты

АСТАНА.KAZINFORM - Түркияда қалааралық автобус апатқа ұшырады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы тілшісі.

к
Фото: yenisafak.com

Түркияның батысындағы Денизли провинциясында Измирден Анталияға бара жатқан жолаушылар автобусы тосқауылға соғылып, өртеніп кетті. Сегіз адам қаза тауып, 33 адам жарақат алды.

Түркияның Yeni Shafak газетінің хабарлауынша, апат Сарайкёйдің Тырказ ауданындағы Денизли-Айдын тас жолында болды. Жедел жәрдем бригадалары, құтқарушылар, өрт сөндірушілер және полиция оқиға орнына жетті.

Өрт сөндірілді, бірақ сегіз адам қаза тапты. Жарақат алғандар аймақтағы ауруханаларға жеткізілді.

Қайтыс болғандардың арасында Қырғызстан азаматы да бар.

Сонымен қатар Анкарадағы Ресей елшілігі апатта Ресей азаматының жарақат алғанын хабарлады.

Апаттың мән-жайы мен себебі тексеріліп жатыр.

Бұған дейін Түркияда туристік автобус жол апатына ұшырағанын хабарлаған едік.