Түркиядағы жекеменшік мектептер шетелдік атаудан бас тартуға міндеттелді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Ұлттық білім министрлігі жергілікті жекеменшік мектептерден шетелдік атауды 2026 жылдың 1 қазанына дейін түрікшеге ауыстыруды талап етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы тілшісі.
Лицензиясы бар жекеменшік білім беру мекемелері жаңартылған Жекеменшік білім беру мекемелері туралы ережеге сәйкес атауын өзгертуі керек.
Жаңа атаулар түрік тілінде нақты мағынаға ие болуы және ұлттық білім беру мақсаттарына, сондай-ақ түрік қоғамының моральдық, мәдени және жалпыадамзаттық құндылықтарына сәйкес келуі керек.
Дегенмен бұл ереже аз ұлттарға арналған мектептерге, халықаралық білім беру мекемелеріне және тіл курстарына қолданылмайды. Олар өздерінің қолданыстағы атауымен жұмыс істей береді.
Министрлік ұсынылған атауларды тексереді. Билік бұл шара түрік тілі мен ұлттық мәдениетті қорғауға, сондай-ақ мәдени және тілдік ассимиляцияны және оқушылардың психоәлеуметтік дамуына теріс әсер етуді болдырмауға бағытталғанын мәлімдеді.
Белгіленген мерзімге дейін жаңа атау бермейтін оқу орындарына әкімшілік шара қолданылады.
Сонымен қатар шетелдік сөздерді пайдалануды шектеу бойынша тексерулер дүкендердің, мейрамханалардың және басқа да коммерциялық нысандардың маңдайшаларына қатысты да жүргізіледі.
Айта кетейік, Түркия алғашқы ұлттық сүңгуір қайығын жасанды интеллектпен жабдықтайды.