Түркиядағы қазақ қауымдастығы екі бауырлас елдің достығын бекіте түсетін көпір болуға әзір

Бұл түркі елдері мен Орталық Азия мемлекеттері арасында жасалған жоғары деңгейдегі алғашқы құжат. Астана мен Анкараның арасындағы экономикалық, туристік және білім байланыстарына қоса, Түркиядағы қазақ диаспорасы да екі бауырлас елдің достығын бекіте түсетін көпір болуы керек. Ыстамбұлдағы Қазақ-Түрік қоғамының жетекшісі Кәміл Жезер мырза ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір айтты.
- Жезер мырза, бүгінде Түркияда қанша қазақ тұрады? Және олардың қоныстану тарихы қандай?
- Біздің кездесу Зейнынбурну ауданында өтуде. Бұл аудан осында өткен ғасырдың отызыншы жылдары Ыстамбұлға көшіп келе бастаған этникалық қазақтар шоғырланған жер саналады. Біздің бағалауымыз бойынша, бүгінде Түркияда 10 мыңнан астам қазақ тұрады, оның ішінде Ыстамбұлда - екі жүздей отбасы бар. Қазақтардың көбісі тері өңдеумен және саудамен айналысады.
Қазақ халқының Түркияға қоныс аударуын географиялық қағида бойынша : Қытайдан немесе Ауғанстаннан және Сауд Арабстанынан деп жіктеуге болады. Қазақтардың көпшілігі Қытайдың батыс аудандарын 30-50-ші жылдары тастап кетуге мәжбүр болған. Сол кезде түркия тарабы қазақ қоныстанушыларына оң қабақ танытты. Барлық қазақтар сол кезде өздерін қабылдап, тіршіліктеріне жағдай жасаған Түркия өкіметіне ризашылықтарын жасырмайды. Олардың көбісіне тегін баспана, жер телімдері берілді. Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасы өзге ұлттардың ішінде жақсы беделге ие екенін айта кету керек. Қазақтар бейбітсүйгіш, еңбекқор және қонақжай халық болып табылады.
Қазақстан 1991 жылы егемендігін алғаннан кейін, түрік қазақтары мен Қазақстан Республикасының арасындағы байланыс жандана бастады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы осынау байланысты нығайта түсуге мол үлесу қосуда. Отандастарымның Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев сынды адамның басқаратынын мақтан тұтатынына сенімдімін. Түркияда Қазақстан Президентінің беделі зор және ел тәуелсіздігінің қалыптасуындағы ол кісінің тарихи рөлін барша жұрт мойындайды.
-Түркия қазақтарының ішінде атажұртқа оралғысы келетіндер бар ма?
- Қазақстанға қоныс аудару үдерісі саябырлады деуге болады. Біздің ақсақалдарымыздың айтуынша, Қазақстанда отандастарды қабылдау бағдарламасы қабылдағаннан кейін, Ыстамбұлдан елге екі үлкен ұшақ аттаныпты. Олар ата-бабаларының кіндік қаны тамған жеріне оралу мүмкіндігіне қатты қуанған. Мен Қазақстанда жиі болып тұрамын және кезінде көшкен жерлестерімнің ешқайсысы елге оралғанына өкініп отырмағанын көріп жүрмін. Себебі қазақтар айтады ғой: «Туған жер - алтын бесігің» деп. Қазақстанда ұлттық рухани мұралардың жандана бастағаны бізді ерекше қуантып отыр: адамдар біртіндеп діни бастауға бет бұруда. Экономикалық дамуда да ілгерілеушілік бар.
- Түркиядағы қандастарымыздың ана тілдерін ұмытпағаны байқалады.
- Бұның барлығы аға буын - ақсақалдардың арқасында. Дегенмен, жастарға қиындау: себебі Түркия қазақтары кириллица әліпбиін білмейді. Сондықтан да олар қазіргі қазақ әдебиеттерін оқи алмайды, қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен таныса алмайды. Түркияға латын әрібіне аударылған әдебиеттер жеткізілсе екен дейміз.
Ал өз тарапымыздан, Зейтынбурну ауданында қазақ тілін оқытатын үлкен мектеп ашу ниетіміз бар. Оған жергілікті өкімет қарсы болмайды деп ойлаймын. Қазақтандық тараптан, демеушілерден және меценанттардан қолдау күтеміз. Оған қоса, Қазақстан Президентінің кешегі сапары, екі елдің арасындағы экономикалық байланыстардың кемел келешегін көрсетіп отыр. Міне осы мәселеде, Түркиядағы қазақтар қауымдастығының екі бауырлас елдің достығын бекіте түсетін көпір болуға әзір екенін жеткізгім келеді.
-Сұхбатыңызға рахмет.