Түркиялық оппозиционер Ердоғанға тіл тигізгені үшін моральдық өтемақы төлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Анкара соты оппозиция лидері Өзгүр Өзелді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға оның атына айтқан жария мәлімдемелері үшін өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Анкарадағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркиялық NTV басылымының жазуынша, Анкараның бірінші сатыдағы азаматтық істер жөніндегі № 44 соты Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның оппозициялық «Жаңа партия» (түрікше — Yeni parti) лидері Өзгүр Өзелге қарсы берген талап арызы бойынша шешім шығарған.
Сот шешімі туралы президенттің адвокаты Хүсейин Айдын хабарлады. Оның айтуынша, өтемақы Өзелдің Ердоғанға қатысты айтқан мәлімдемелері мен қорлайтын сөздері үшін белгіленген.
Сот оппозиционердің сөздерін Түркия президентінің жеке құқықтарын бұзды деп танып, одан Ердоғанның пайдасына моральдық өтемақы ретінде 800 мың түрік лирасын (16,5 мың доллардан астам) өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот шешімі оппозициялық саясаткердің 2025 жылғы тамызда жасаған үш мәлімдемесіне қатысты.
13 тамызда «Мармара» түрмесінен шыққаннан кейін сөйлеген сөзі үшін Өзелден 200 мың лира өндірілмек.
Сонымен қатар сол күні Ыстамбұлдың Байрампаша ауданында өткен митингідегі сөзі үшін тағы 300 мың лира төлеуге міндеттелді.
Ал 2025 жылғы 18 тамызда Айдын провинциясындағы митингте сөйлеген сөзі үшін сот Ердоғанның пайдасына қосымша 300 мың лира өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Еске салайық, бұған дейін Түркияның Айдын қаласында әлеуметтік желіде ел президенті Режеп Тайип Ердоғанның бақилық болғаны туралы хабарлама жарияланғаннан кейін прокуратура тергеу бастағанын хабарлаған едік.