Түркияның Денсаулық сақтау министрі ағза мүшелерін донорлыққа беруге дайын

АСТАНА.KAZINFORM — Түркияның Денсаулық сақтау министрі e-Nabız платформасы арқылы сандық ағза донорлығын жасай отырып, мұндай донорлықтың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияның Денсаулық сақтау министрі ағза мүшелерін донорлыққа беруге дайын
Фото: Anadolu ajansı

Орган донорлығы апталығы аясында Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлы e-Nabız платформасы арқылы сандық мүше донорлығын жасау арқылы үлгі көрсетті. Бұл қадам қоғамның орган донорлығының маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға және азаматтарды осы маңызды бастамаға қатысуға шабыттандыруға бағытталған.

Іс-шарада сөз сөйлеген Мемишоғлы орган донорлығы қаншама өмірді сақтап қалатынын атап өтті.

— Біздің сеніміміз бойынша, бір адамды құтқару — бүкіл әлемді құтқарумен тең. Мұны қоғамға жеткізуіміз керек. Азаматтарымыз өмір сүріп жүріп те өздерінің бір бөлігін береді — бауырдың жартысын немесе бір бүйрегін. Жыл сайын 5 мыңнан астам трансплантация жасаймыз, олардың шамамен 90 пайызы тірі донорлардан алынады. Егер адам өз денесінің бір бөлігін тірісінде беруге дайын болса, өмірден өткен соң өз ағзаларын сыйға беріп, өзгелерге өмір сыйлай алады. Әйтпесе бұл ағзалар жай ғана топыраққа айналады, — деді министр.

Мемишоғлы Түркияның трансплантация саласындағы тарихы әріректе жатқанын еске салды — елдегі алғашқы жүрек трансплантациясы 1968 жылы жасалған, ал 1979 жылы басқа елдерге үлгі болатын органдарды донорлау туралы заң қабылданды.

Оның айтуынша, Түркия бауыр мен бүйрек трансплантациясы саласында жоғары кәсібилік пен тәжірибеге ие. Ол әсіресе әлемдегі ең үздік бауыр трансплантациясы орталықтарының бірі орналасқан Малатия провинциясын ерекше атап өтті. Алайда, осы жетістіктерге қарамастан, ел әлі де күрделі мәселеге тап болып отыр, ол донор жетіспеушілігі.

— Қазіргі уақытта Түркияда 32 500 адам трансплантация кезегін күтіп отыр. Күн сайын үш-төрт адам донор жоқтығынан қайтыс болады. Қайтыс болғаннен кейін де басқаларға өмір сыйлай алатыныңызды ескеріңіз, — деді Түркия министрі.

Ол бұл мәселеде барлық жағдай ыңғайлы етіп жасалғанын ескертті: органдарды донорлыққа тіркеу процесі енді цифрлық ортаға көшірілді. Бұл азаматтарға e-Nabız электрондық платформасы арқылы органдарды донорлыққа тез және ыңғайлы түрде келісім беруге мүмкіндік береді.

Біз бұған дейін Түркияның жаңа туған нәрестелерге қатысты үлкен жанжалдан кейін жекеменшік денсаулық сақтау саласында ірі реформа жүргізуге дайындалып жатқанын хабарлаған болатынбыз.

КейінірекТүркиядағы 17 жеке университетте медицина факультеті жабылуы мүмкін екені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар