Түркияның орталық банкі елдегі жалған валютамен күресу шараларын күшейтті

АСТАНА.KAZINFORM - Түркияның Орталық банкі жалған шетел валютасы айналымына жол бермеу үшін жаңа техникалық шаралар енгізіп, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты нығайтып жатыр.

Центробанк Турции
Фото: Anadolu Ajansı

Ресми мәлімдемеде елдің бас қаржылық реттеушісі қолма-қол ақшаны өңдеу және тексеру үшін пайдаланылатын жабдықты бақылау мен жаңартуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұған банкоматтарды, санау машиналарын және банкноттарды аутентификациялау құрылғыларын жаңарту кіреді.

Түркияның Орталық банкі елде банк жүйесінде қолданылатын барлық техникалық құралдар заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін және жалған валютаны тиімді анықтай алуды қамтамасыз етпекші.

Сонымен қатар, Түркияның Орталық банкі соңғы уақытта жалған банкноттарды тарату фактілері бойынша тергеу жүргізіп жатқан елдің құқық қорғау органдарымен белсенді ынтымақтастықты бастады. Олардың бірлескен жұмысы елге жалған ақша жеткізу арналарын анықтауға және жолын кесуге бағытталған.

— Біз экономикалық тұрақтылықты қорғау және қаржылық қылмыстың алдын алу үшін жалған шетел валютасының айналымына жол бермеуге міндеттіміз, — делінген банк мәлімдемесінде.

Жалған ақша жасау көптеген елдердің алдында тұрған жаһандық проблема. Экономикада шетел валютасын, оның ішінде доллар мен еуроны пайдалану маңызды рөл атқаратын Түркияда жасанды банкноттармен күрес ерекше өзектілікке ие.

Елде жалған долларға қатысты істердің көбейгені туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Осының аясында Түркияның валюта нарығында дағдарыс басталды. 26 қарашадан бастап бүкіл ел бойынша ақша айырбастау пункттері ескі доллар купюраларын қабылдауды тоқтатты. Мұндай шешім қабылдауға сапасы жағынан іс жүзінде нақтыдан ерекшеленбейтін жалған долларлардың белсенді таралуы себеп болды. Түркия нарығында шамамен 600 миллион долларлық жалған 50 және 100 долларлық купюралар айналымда.

Бір күн бұрын түрік полициясы Ыстанбұлда ауқымды шара өткізіп, оның барысында 3,6 миллион жалған еуро тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар