Түркістан облысынан майданға аттанған сарбаздың бейіті 80 жылдан кейін табылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жауынгер Байсерік Төрембековтен соңғы хат жеңіске екі ай қалғанда келген. Содан бері 80 жылға жуық уақыт өтті. Ұрыс даласында болған сарбаздардың қатарында ол жайында ақпарат ізім-қайым жоғалды. Отбасы мен ағайын-туыста «бауырымызбен қайта қауышсақ» деген үмітін үзді. Дегенмен, жауынгер жерленген орынды іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтамады.

Байсерік Түркістан облысындағы Састөбе деген шағын ауылда дүниеге келген. Жерлестері жауынгер жайындағы естеліктерді жиі айтып отырады. Әсіресе, жиені Бейсенбек Шылмұрзаев Байсерікті өте қатты жақсы көрді. Ол жайында анасының айтқан әрбір естелігін жүрегінде сақтап өсті. Байсерік оған жай іні емес, соғыс алып кеткен «батыр» еді.

1942 жылы Байсерік Қостанайда артиллериялық курстардан өтіп, өз еркімен майданға аттанды. Ол Отан үшін жанын беруге дайын жандардың қатарында болды. Соғыс бозбаланы Польшаға алып кетті. Ал 1945 жылдың ақпанында, көптен күткен Жеңіске екі ай қалғанда онымен байланыс үзілді. Ал, іздеу салынған хаттарға қанағаттанарлық жауап келмеді.
Мұрағаттар, хаттар, телефон қоңыраулары — жоғалған сарбаздың ізін табу әрекетінің бәрі сәтсіз аяқталды. Арада ондаған жылдар өтсе де, «Жоқ. 1945 жылы 3 ақпанда қайтыс болды» деген құрғақ әрі қысқа жауап келетін.
— Ол менің анамның ағасы еді, оның отбасы жоқ, меннен басқа ешкім іздеген жоқ, — дейді Бейсенбек Шылмұрзаев.

Көптеген жылдар бойы жүргізілген іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталды. Дегенмен, Бейсенбек те інісін іздеуден бас тартпады. Анасы үшін аяулы жанды ұмытуға болмайтынын жете сезінді. Ақпарат жинау үшін көп ізденіп, көптеген жылдарын сарп етті. Бірақ жағдай бәрібір өзгеріссіз қалды.
Тек, арада 80 жыл өткенде көптен күткен жауап келді. Байсерік табылды. Оның сүйегі Шығыс Пруссия операциясында қаза тапқан 31 365 солдат пен офицер жерленген бауырлас зираттардың бірі Браньевода жатыр екен.
Бейсенбек күш жинап, Польшаға аттанды. Көп жылғы ізденістің соңы болатын сапаға шықты. Бұл іске жергілікті билікте қолдау көрсетті.
Өмір бойы іздеген інісінің бейітін тапқанда көзіне жас алып, құран оқып, дұға етті. Бұл оның інісі үшін жасай алған соңғы ісі еді. Туған жеріне әкелу үшін қолына моланың топырағын алды.

— Біз өзімізбен бірге Байсерік жерленген жердің топырағын алып келдік. Ұрпақтарымыз бұл естеліктің қаншалықты маңызды екенін білуі керек. Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларымыздың ерлігін біз әрдайым ұмытпауымыз қажет. Байсеріктің және Қазақстаннан келген басқа да сарбаздардың есімі мәңгілікке ел есінде сақталсын, — дейді марқұм жауынгердің жиені Бейсенбек.
Бейсенбек туған жері Састөбеге қайтқанда көзінен жас алмағанымен, көңілінде шексіз жұбаныш орнады. Ең бастысы ізденіс біткенін білді.
Бұл оқиға екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырлардың ерліктері бүгінгі ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке сақталатынын көрсетеді. Әрі келешек ұрпақ үшін де ерлікке толы үлгі іс болары анық.
Айта кетейік, екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткендер тізімінде 300 мыңға жуық қазақстандық бар. Оларды іздеу ешқашан тоқтаған емес.
Ал, жыл өткен сайын жеңіс жеңімпаздары азайып барады. Қазақстанда бар болғаны 127 ардагер қалды.
Еске сала кетейік, жақында Президент Телерадиокешені соғыс ардагері Жақан Сейсебаевқа құрмет көрсетті.