Президент Телерадиокешені соғыс ардагері Жақан Сейсебаевқа құрмет көрсетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жақан Сейсебаев – 99 жаста. 17 жасында майданға аттанған ол тіпті соғыстың не екенін түсінбедім дейді. Алғашқы жараланғаннан кейін ғана сұм соғыстың қасіретін түсінген. Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент телерадиокешенінің ұжымы ақсақалға құрмет көрсетті. 

Ардагер
Фото: Президент Телерадиокешені

— 12 күннен кейін мына жағыма осколок тиіп 5-6 тісімді сындырып, больницаға түсіп қалдым. Содан шықаннан кейін қайтадан бардым. Сөйтіп жүре бердім көппен бірге жүресін сөйткен өмір болды ғой, — дейді соғыс ардагері.

Ол Белоруссияны азат ету үшін болған шайқаста үш рет жарақат алып, жеңісті Кенигсбергте қарсы алған. Мұнан кейін ардагер кеңес-жапон соғысында да ерлік көрсеткен.

— Соғыс бітті деп 8 май күні хабарлады. Сол жерде қуандық. Жыладық. Ертеңіне 9 майда шығыс Кенинсбергте соғыс бітті деп қол қойылды сосын мамыр, маусым эшелонға тиеп Жапониямен соғысуға барасыңдар деді. Иркутскіге барғаннан кейін Манғолияға жол жүреді екен. Моңғолияға кіріп 3 күн тұрғаннан кейін Жапониямен соғысып 35 күнде жеңіп шықтық, - дейді ол. 

Ардагер
Фото: Президент Телерадиокешені

Жақан ата Германия, Жапония, Солтүстік Кореядағы үш соғысқа қатысып, майданда 6 жыл 2 ай өткізген. Тек 1948 жылы Қазақстанға оралып, кескілескен ұрыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Отан соғысы ордені, II дәрежелі «Ерлігі үшін» медалімен наградталған. 

— Өте мейірімді кісі. Мейірімділігінде шек жоқ. Жақсылық жасаудан шармаған адам. Өмір бойы адал еңбегімен нанын тапқан жан. Әкемді мақтан тұтамын. Мен үшін ол үлгілі әке, - дейді қызы Роза Сейсебаева. 

Хал сұрау – әдептіліктің, ізгі ниеттің белгісі. Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент телерадиокешенінің ұжымы келер жылы 100 жасқа келетін Жақан атаның шаңырағына барып, ардагерге құрмет көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар