Түркістан облысында 18 рет жылдамдықты асырған шетелдік жүргізуші ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жол ережесін жиі бұзған шетелдік жүргізуші жауапқа тартылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, заң бұзу фактісі Отырар ауданында әшкереленді.
Патрульдік полиция инспекторларының қызметтік планшетіне «Қорғау» бағдарламасы арқылы жол ережесін бірнеше рет бұзған және айыппұлдарын уақытылы төлемеген «Nissan» автокөлігі туралы хабарлама түскен.
Тәртіп сақшылары көлікті дереу тоқтатып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде шетелдік мемлекеттік нөмір таққан көліктің жүргізушісі де шетел азаматы екені белгілі болды.
– Жүргізушінің шамамен 600 мың теңге көлемінде төленбеген айыппұлы болған. Ол бір жыл ішінде белгіленген жылдамдықты 18 рет асырған. Сонымен қатар жол таңбаларының талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Отырар ауданында «Қорғау» жүйесі арқылы айыппұлын төлемеген 97 құқық бұзушы анықталды. Оның 65-і қарызын өтесе, 32 автокөлік айыптұраққа қойылған.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 45 рет жол ережесін бұзған жүргізушінің 1,3 млн теңге көлеміндегі берешегі анықталғанын жазған едік.