Түркістан облысында 32 елдімекен мобильді интернетпен қамтылмаған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында 801 елдімекеннің 32-сі мобильді интернетпен қамтылмаған. Бұл аумақта 4,5 мыңнан астам адам тұрады.
Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Байдәулет Абайдың айтуынша, бүгінде өңірдегі 612 елдімекен 4G, ал 157 елдімекен 3G технологиясы арқылы мобильді интернетке қосылған.
— Мобильді интернетпен қамтылмаған 32 елдімекеннің жетеуі 2030 жылға дейін мобильді интернет желісімен қамту бойынша ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізілді. Ал халық саны 250 адамға жетпейтін әрі жер бедері күрделі 25 елдімекенде байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Спикердің айтуынша, биыл Түркістан және Кентау қалаларында, сондай-ақ 14 аудандағы 196 нүктеде «Кселл» АҚ-ның 5G базалық станциялары орнатылған. Бұдан бөлек Арыс пен Кентау қалаларында 5G желісін іске қосып, қамту аумағын кеңейту жоспарланып отыр.
2025-2026 жылдары жүргізілген тексерулер барысында облыстың 95 нүктесінде мобильді байланыс сигналының әлсіздігі немесе мүлде болмауы анықталған.
— Оның ішінде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС желісіне қатысты — 27, «КаР-Тел» ЖШС — 32, «Кселл» АҚ — 36 нүкте тіркелді. Қазір ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 95 нүктенің 72-сіндегі «ақ дақ» жойылды. Қалған 23 аумақты сапалы байланыспен қамту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, — деді басқарма өкілі.
Сонымен қатар бірқатар елдімекенде тұрғындардың қолданыстағы базалық станцияларды алып тастауды талап етуі мобильді интернет сапасына кері әсерін тигізіп отыр.
— Мұндай жағдайлар Түркістан қаласында — 5, Кентау қаласы мен Сайрам, Төлеби аудандарында — 3-тен, Жетісайда — 2 және Сарыағаш ауданында 1 нүктеде тіркелді. Бұл интернет сапасының төмендеуіне және жаңа «ақ дақтардың» пайда болуына себеп болып отыр. Сондықтан аудан және қала әкімдіктері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, — деді спикер.
Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыста 372 елдімекенге 2 638 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 58 ауылға 463,3 шақырым желі тартылған.
Бұған дейін Қазақстанда мобильді интернетті пайдаланушылар саны 18,5 миллионға жеткені туралы жазған едік.