Түркістан облысында 50 борышкер алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапқа тартылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Сарыағаш ауданының прокуратурасы талдау нәтижесінде бірқатар борышкерлердің еңбекке қабілетті бола тұра жұмыспен қамту органдары ұсынған жұмыс орындарына орналасудан әдейі бас тартып, өз балаларына алимент төлеу міндетін орындамағаны анықтады.
Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде соңғы бір жыл ішінде 50 борышкер ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар, сот актілерін және заң талаптарын қасақана елемей, балаларына алимент төлеуден жалтарған 5 борышкер Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Алимент төлемеу – бұл тек сот шешімін орындамау емес, бұл өз баласының заңды құқықтарын өрескел бұзу.
Прокуратура алимент төлеуден жалтарған әрбір борышкердің әрекетіне қатаң құқықтық баға беріп, олардың заңда көзделген жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз етеді.
Айта кетелік Павлодар облысында алимент төлемейтіндерді іздестіру жұмыстары күшейтілгені туралы жазған едік.