Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қанша айға жетеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар шара қабылданған. Алайда жекелеген сауда орындарында белгіленген талаптардың сақталмауы әлі де кездеседі. Жыл басынан бері сауда үстемесін негізсіз арттырудың 93 фактісі анықталды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 27 түрі өндіріледі. Оның 22 түрі бойынша ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, қызанақ өндірісі ішкі қажеттіліктен 10 есе, бірінші сұрыпты бидай ұны – 9,1 есе, қырыққабат – 6,4 есе, қияр – 5 есе, сүт – 4,2 есе, пияз – 3,3 есе жоғары.
Ведомствоның хабарлауынша, бағаны тұрақты бақылауда ұстау үшін тұрақты мониторинг жұмыстары қолға алынған. Мәселен, жыл басынан бері өңірде сауда үстемесін негізсіз арттырудың 93 фактісі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданған.
– Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары сатып алынды. Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар және қоймадағы қорларды қоса есептегенде, өңірде жалпы 22 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұл қор облыстың қажеттілігін 6 айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – делінген басқарма мәліметінде.
Сондай-ақ қазір Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 42 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Онда негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орта есеппен 20-30 пайызға төмен сатылады. Бұдан бөлек, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 70 ірі супермаркетпен және 10 тауар өндірушімен меморандум жасалған.
Бұған дейін Түркістан облысындағы көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйі туралы жазған едік.