Түркістан облысында алимент төлеуге міндетті 19 мың борышкер бар — прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысы прокуратурасының хабарлауынша, прокуратураның бастамасымен 21 азаматқа қатысты балаларын күтіп-бағу жөніндегі міндеттемелерін орындамады деген айыппен (ҚК 139-бабы) қылмыстық істер тіркелді.

Мәселен, соңғы 4-жыл бойы борышкер Ж.Эргашев алимент бойынша міндеттерін орындамай, алимент төлеуден қасақана жалтарып 5 млн қарыз берешек сомасы қалыптасқан.
Соттың үкімімен Ж.Эргашев ҚК 139-бабымен кінәлі деп танылып, оған 1жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Осы секілді 65 млн теңге алимент берешек қарызы қалыптасқан 20 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
«Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында алимент төлеуге міндетті шамамен 19 мың борышкер бар. Аталған бағыттағы жұмыс облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында», — делінген хабарламада.
Осыған дейін Атырауда алимент төлемей жүргендердің құмар ойынға қыруар қаржы аударғаны туралы хабарладық.