Түркістан облысында еңбекке қатысты шағымдардың 70 пайызы білім саласына тиесілі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында өткен жылы 6 кәсіпорында 4 890 қызметкерге қатысты 454,7 млн теңге көлемінде жалақы қарызы анықталған. Жыл қорытындысы бойынша бұл қарыз толықтай өндірілді.

Еңбек дауы
Фото: Еңбекмині

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда 1 мекеменің 101,2 млн теңге жалақы қарызы бойынша мекеме басшысына нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылды.

— Өткен жылы департаментке 2 958 азаматтан арыз-шағым түсті. Оның 2 073-і қаралып, 350 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 746 заң бұзу анықталды. Осыған байланысты мекемелерге 35,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 31,5 млн теңгесі өндірілді. Түскен арыз-шағымдардың 67 пайызы мемлекеттік органдарға, 33 пайызы жеке секторға қатысты. Шағымдардың 68 пайызы білім беру саласына, 12 пайызы денсаулық сақтау саласына тиесілі. Ал мемлекеттік мекемелерге қатысты арыз-шағымдар 8 пайызды, әлеуметтік сала 2 пайызды, өзге салалар 10 пайызды көрсетіп отыр, — деді департамент басшысы Амангелді Әліш.

Сондай-ақ былтыр өндірістік жарақаттануға байланысты 104 хабарлама тіркелген.

Департамент тарапынан тиісті тексерулер жүргізіліп, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде тергеп-тексеруге жатпайтын 48 хабарлама бақылаудан алынды. Есепті мерзімде 50 өндірістік жазатайым оқиға болған, салдарынан 57 адам жарақаттанып, 8 адам қаза тапқан.

Айта кетейік, бұған бұрын Түркістан облысында 470-ке жуық құрылыс нысанының заң бұзғаны туралы хабарланған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум