Түркістан облысында ер адам пойыз астына түсіп, қаза тапты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы Қостүйін станциясында қайғылы жағдай тіркелді. Теміржол қызметкері №77 жолаушылар пойызының астына түсіп, ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, пойыз шамамен 78 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Қауіп туындаған сәтте машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, теміржолшы жолдан шығып үлгермеген.
– Түркістан станциясының желілік полиция бөлімі абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта іс бойынша оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Ведомство өкілдері Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлім етті.
Бұдан бұрын Жетісу облысында пойыз кенеттен жолға шыққан кісіні басып кеткенін жазған едік.