Түркістан облысында ер адам ыстан уланып көз жұмды, әйелі ауыр халде ауруханаға жеткізілді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Түлкібас ауданы Ақбиік ауылында пештен шыққан ыстан бір отбасының екі мүшесі уланып, ер адам қаза болды. Әйелі ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Өскеменде ТЖМ қызметкерлері өрт кезінде 5 адамды эвакуациялады
Фото: ТЖМ

Қайғылы оқиға 1 ақпан күні таңғы уақытта болған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер үй аумағындағы уақытша құрылыста көмірмен жұмыс істейтін жылыту пешін пайдалану талаптарының бұзылуы салдарынан екі адам көмірқышқыл газынан уланған.

Оқиға салдарынан 1976 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал оның жұбайы, 1991 жылы туған әйел ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

– 1 ақпан күні сағат 07:51-де жеке тұрған уақытша тұрғын үйде қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту пешінің ақаулығы, нақтырақ айтқанда мұржаның тазаланбауы салдарынан көмірқышқыл газымен улану дерегі тіркелді, – деп хабарлады облыстық ТЖД.

Үй иесінің айтуынша, уланған азаматтар аталған мекенжайға 31 қаңтар күні еркін жалдамалы жұмысшылар ретінде келген.

Бұдан бұрын Түркістан облысында бір отбасының үш адамы иіс тиіп қайтыс болғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар