Түркістан облысында оқушылар 12 жылдан бері апатты мектепте білім алып жүр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Ақбастау ауылында 1 мыңға жуық халық тұрады. Елдімекендегі 180 орындық білім ошағының тозығы жеткен. Ауыл тұрғындары қанша дабыл қақса да, проблема шешімін таппай келеді. Апатты мектептің жағдайын көзбен көру үшін білім ордасына барып, тұрғындардың пікірін тыңдадық.
Әкімдердің уәдесі еш орындалмады
Ақбастау жалпы білім беретін мектебі әу баста ауыл тұрғындарының көмегімен асарлатып салынған. Мектеп ыңғайластырылған 3 ғимараттан тұрады, біріншісі 1965 жылы, екіншісі 1985 жылы, ал үшіншісі 2000 жылы бой көтерген.
Бүгінде білім ордасының негізгі ғимараттарымен қатар, спорт залы мен акт залының тозығы жетіп, қирауға шақ тұр.

Ал асханасы әбден ескірген үшінші ғимаратта орналасқан. Оған бару үшін оқушылар көлік жүретін асфальт жолдан өтуге мәжбүр.
Тұрғындардың айтуынша, мектеп СЭС-тің талабына сай емес, себебі сынып бөлмелері тар әрі бәріне жетпейді.
Сонымен қатар, асхана, кітапхана және психолог, дефектолог, информатика және зертханалық кабинеттері жоқтың қасы.

Ауыл ақсақалы Орынбай Оралбаевтың сөзінше, 2018 жылдан бері жаңа мектептің жобалық сметалық құжаты 2 рет жасалып, екеуінде де мерзімі өтіп кеткен.
Шенділерден оның нақты себебін айтқан ешкім болмаған.
— Қанша жыл болды, әкімдер есеп беру кездесулерінде мектеп салынады деп уәде береді. Бірақ ешқайсы уәдесінде тұрмай келе жатыр. Сенуден қалдық. Аудандағы бізден халқы аз Құларық, Аққұм, Талдыбұлақ елдімекендерінде 2 қабатты заманауи мектептер салынған. Ал бізге жыл сайын уәде береді де, кетеді, — деп қынжылысын білдірді ақсақал.

Апатты ғимарат оқушыларды басып қала ма деген қорқыныш бар
Қазығұрт аудандық блім бөлімінің берген мәліметіне сенсек, 2013 жылғы 30 мамырда «Конструктор-80» ЖШС мектептің А1 ғимараты 8 балдық жер сілкінісіне шыдамайды, күрделі жөндеуге жатпайды, құлату қажет деген қорытынды берген.
Алайда әлі күнге дейін осы апатты ғимаратта оқушылар қосымша сабақ оқып жүр. Мектеп кітапханасы мен алғашқы әскери дайындық кабинеті де дәл осы ғимаратта.

— Апатты ғимарат құлатылсын деп шешім шыққалы бері 12 жыл өтті. Оқушылар әлі білім алып жатыр. Бұл нысан 1965 жылы бой көтерген. Содан бері жаңармаған. Саманнан тұрғызылған ғимараттың салынғанына 60 жыл өтті. Осы жерде бастауыш сыныпты оқыдым. Қазір жасым 56-ға келді. Іргетасы мүжіліп, қабырғалары жарылып, құлайын деп тұр. Жер сілкініп, апат болса, олардың өміріне кім жауап береді? Ауданда 70-тен аса мектеп бар болса, бізден басқасының бәрі заман талабына сай салынған. Тек осы мектеп қана жетімнің күйін кешіп тұр, — дейді ауыл тұрғыны Жұмабек Төребеков.

Оның айтуынша, мектептің спорт залы да адам шошырлық. Еденнің әр бұрышында шошайған шегелері қауіп тудырып, тақтайлары ажырап, сынып жатыр.

Өткен жылы сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданының тұрғындарымен кездескен. Осы кездесуде ауыл тұрғыны Есбол Дәулетов Ақбастау елдімекенінің тұрғындары атынан жаңа мектеп салу мәселесін қозғаған.
Мән-жайды тыңдаған әкім жауаптыларға 2018 жылы жасалған жобалық-сметалық құжатты жаңғыртып, келесі жылдың бюджетіне енгізуді тапсырған.

Алайда келесі жылы ауылда заманауи талапқа сай жаңа мектеп бой көтереді деген ауыл тұрғындарының үміті су сепкендей басылған.
— Мектебіміздің құрылысы кейінге ысырыла береді. Қазір ХХІ ғасыр, біздің мектепте әлі күнге дейін пеште түтін түтетіп, көмір жағады. Оқушылар көмірге иістеніп қалса не болады? Балалар теориялық білім алғанымен, практикалық байланыс кемшін болып тұр. Яғни, арнайы кабинеттер жоқ. Әжетхана мектеп ішінде болуы керек деген талап бар. Сол талапқа сәйкес оқитын кабинет тапшы болып отырғанда информатика кабинетін босатып, әжетханаға айналдырды. Ол шағын болғандықтан оқушылар кезек күтіп тұрады. Амал жоқ, оқушылар сырттағы әжетханаға баруға мәжбүр. Оның да халі мүшкіл, құлайын деп тұр, — дейді Есбол Дәулетов.

Ауыл тұрғыны Жақсылық Оралбаев осы өзекті мәселе бойынша облыстың бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды мен қазіргі өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің жеке қабылдауында болған.
— Жеке қабылдауға жазылып, әкімдерге ауылымның мектеп мәселесін жеткіздім. Екеуі де мәселеңізді назарға аламыз деді. Бірақ біз нақты қандай шаралар қолға алынғанынан бейхабармыз, — дейді ол.
Акт залы — бокс үйірмесі әрі қойма
Мектептің кабинеттері мен залдарын аралап көрдік. Ауыл тұрғындары акт зал қазір бірнеше «қызметті» атқарып тұрғанын айтады.
Білімге құмар ауылдың оқушылары спортпен айналысуға да уақыт тауып жүр. Есбол Дәулетовтің айтуынша, спорт үйірмелері мен қойма осы акт залында. Соған қарамастан оқушылар республикалық, облыстық чемпионаттарға қатысып, жеңіс биігінен көрініп жүр.
Бұл залда жастарды салауатты өмірге баулып жүрген бокс бапкері Алмасбек Адамбек шәкірттерінен үлкен үміт күтеді.

Мәселен, оның шәкірттері Сабина Кәрім (44 келі) биыл бокстан облыс біріншілігінде топ жарса, Кәусар Тасқұлова (63 келі) күміс жүлдені иеленген.
Олар биыл екінші рет ел чемпионатына қатысуға жолдама алған. Басқа да шәкірттері облыстық, қалалық чемпионаттарда үздіктер қатарында.

— Құжат бойынша бұл — акт залы. Бірақ талапқа сай келмейді. Бұл немқұрайдылықты балалардың болашағына балта шабу деп ойлаймын. Мектепте жалпы 200-ге жуық оқушы білім алады. Бұрын одан да көп еді. Кабинет жетіспеушілігінен 30-дан аса оқушымыз туыстарын жағалап, көрші елдімекендерге, аудан орталығына қатынап оқып жүр, — дейді Есбол Дәулетов.
Ауыл тұрғынының сөзінше, мектепте ұстаздардың кабинеттері де жетіспейді. Мұғалімдердің құжат сақтайтын арнайы сөрелері де жоқ.

Мәселе тағы созбалаңға салынбай ма
Ақбастау — Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауыл округіне қарасты елдімекен. Көкейкесті мәселеге орай аталған округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Мақсатбай Мәуленовтің пікірін білдік.
— 2023 жылы депутат болып келгеннен бері осы мәселені көтеріп келе жатырмын. Облыс мәслихатының депутаттары да хабардар. Бұған дейін екі мәрте сметалық құжаты жасалып, уақыты өтіп кеткен. Бәрі қаржыға байланысты, бұл мәселе 2026 немесе 2027 жылы шешімін табады, — деді ол.

Түйткілді мәселе бойынша Түркістан облыстық білім басқармасының ресми жауабын алдық.
— Қазығұрт ауданы Ақбастау елдімекенінде орналасқан Ақбастау жалпы орта мектебінде 150 орындық типтік мектеп ғимаратын салу көзделген. Осы мақсатта тапсырыс беруші Түркістан облысының құрылыс басқармасы тарапынан бас жобалаушы атанған «Прикаспийское управление строительства-Шымкент» ЖШС сметалық құжаттамасын жасатып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жоспарға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы басталады деп жоспарланып отыр, — делінген білім басқармасының бізге ұсынған жауабында.

Еске сала кетейік, осыған дейін Түркістан облысында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын жазған болатынбыз.

