Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 17 адам суға кетіп көз жұмды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 100-ден астам қауіпті орын анықталған.
Жыл басынан бері Түркістан облысында судағы қайғылы оқиғалардан 43 адам көз жұмды, оның 26-сы — бала.
Ал биылғы шомылу маусымында 17 адам қаза тапты. Оның 10-ы — бала болса, 7-еуі — ересек адам. Қайғылы оқиғалар көл, өзен, су қоймалары, каналдар мен карьерлерде тіркелген.
Облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау подполковнигі Фурхат Жолдасовтың айтуынша, жазатайым оқиғалардың дені балалардың қараусыз қалуы және тұрғындардың шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсуі салдарынан болған.
— Облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 111 қауіпті орын анықталды. Қазіргі таңда талапқа сай жабдықталған 18 жағажай жұмыс істеп тұр, тағы 13 орында қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Фурхат Жолдасов.
Спикердің мәліметінше, облыстағы 144 жүзу бассейнінің тек 51-і ғана қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Кейінгі үш жылдағы талдау нәтижесі бойынша судағы қайғылы оқиғалардың 95 пайыздан астамы арнайы белгіленбеген әрі шомылуға тыйым салынған орындарда болған.
— Жыл басынан бері рейдтік іс-шаралар барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған 152 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы 2,3 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ қауіпті учаскелерде 683 ескерту тақтайшасы мен 113 ақпараттық стенд орнатылып, 400-ден астам тыйым салу белгісі қойылды, — деді Фурхат Жолдасов.
Департамент өкілдері тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға, балаларды су айдындарына қараусыз жібермеуге және қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Еске сала кетейік, өткен жылы Түркістан облысында судағы қайғылы оқиғадан 55 адам көз жұмды, оның 25-і — бала.