Түркістан облысында шомылу орындары көбейеді: қауіпсіздік қалай сақталады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Судағы жантүршігерлік статистика әлі де алаңдатады. Өткен жылы Түркістан облысында судағы қайғылы оқиғалардан 55 адам көз жұмды, оның жартысына жуығы – бала.
Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Дәурен Жүсіповтің айтуынша, өткен жылы өңірде 43 шомылатын арнайы орын жұмыс істесе, биыл олардың санын 53-ке дейін көбейту жоспарланып отыр.
– Сонымен қатар коммуналдық жағажайлар саны да артады. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жағажайларда құтқару бекеттері, медициналық пункттер және қоғамдық қауіпсіздік орындары ұйымдастырылады. Ал шомылу орындары жеткіліксіз елдімекендерде 376 каркасты-модульді бассейн орнату көзделген, – деді ол.
Спикердің сөзінше, өткен жылы өңірде түрлі жағдайда суда болған оқиғаларға қатысты 55 адам қаза тапқан, оның 25-і – бала.
– Ал шомылу маусымы кезінде 27 адам көз жұмған, оның 13-і – ересектердің қарауынсыз қалған бала, – деді Дәурен Жүсіпов.
Талдау көрсеткендей, қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – балалардың қараусыз қалуы, қауіпсіздік ережелерін сақтамау, сондай-ақ мас күйде суға түсу. Сонымен қатар каналдар мен арықтарға абайсызда құлау жағдайлары жиілеген. Былтырғы дерекке сүйенсек, қайғылы оқиғалардың 82%-ы дәл осы каналдар мен арықтарда болған.
Қазіргі таңда облыс аумағында ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын 3 мыңнан астам суару каналдары мен арықтар бар. Олардың 800-ден астамы, яғни 5400 шақырымы елдімекендерге жақын немесе сол аумақтар арқылы өтеді.
– Биыл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында каналдар бойына 135 шақырым қоршау орнату, 1750 тыйым салу белгісін қою және 101 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған, – деді спикер.
Сонымен қатар балаларды жүзуге үйрету үшін коммуналдық және жеке бассейндермен меморандум жасалып, әлеуметтік осал топтағы балаларға аптасына екі рет тегін шомылу мүмкіндігі беріледі.
Айта кетейік, биылғы рейд барысында судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарына 7 әкімшілік айыппұл салынған, жалпы 105 962 теңге болды. Ал өткен жылы шомылу маусымында 151 жеке тұлғаға 2 078 062 теңге, сондай-ақ 3 заңды тұлға мен 3 кәсіпкерге 235 920 теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылған.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл наурыз-сәуір айларында өңірде балалардың қараусыз қалуынан 8 судағы жазатайым оқиға тіркелгенін жазған едік.