Түркістан облысында су шайып кеткен көпір келесі жылы жаңартылады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Сауран ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайдың алдын алу бағытындағы жұмыс күшейтілді.

көпір
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бұған дейін ауданда қатты жауған нөсер салдарынан Жаңақорған өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Абай мен Көксарай ауылдарын жалғайтын көпірге зақым келген болатын.

 Түркістан облысы әкімдігі
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Сауран ауданы әкімдігінің хабарлауынша, әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті мамандарының жедел әрекетінің арқасында өзен арнасының жан-жағы қазылып, уақытша өткел ұйымдастырылып, елдімекенде су тасқынына жол берілген жоқ.

көпір
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Осыдан соң облыс әкімі Нұралхан Көшеров Абай ауылына барып, жауапты тұлғалармен және тұрғындармен кездесті.

– Облыстағы су нысандары мен өзен-көлдер тұрақты бақылауға алынған. Жауапты мекеме өкілдерінен кезекшілік ұйымдастырылған. Өздеріңізбен жолығып, пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік. Осы ауылдағы өзенге түскен қыс-көктемгі қар мен жауын-шашын суын жинап, су қойма жасап, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану мәселесін зерделеу керек. Нақты ұсыныс беріңіздер. Көпір биыл жөнделеді, ал келесі жылы бұл мәселе толық шешіліп, көпірді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Мәселе толық бақылауда тұр, – деді облыс әкімі.

Жалпы аудан аумағында ахуал тұрақты болғанымен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жауапты қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

 Түркістан облысы әкімдігі
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Қазіргі таңда аудан орталығында және елдімекендерде арнайы техникалар жұмылдырылған. Атап айтқанда, аудан орталығында 2 жүк тиегіш көлік, 2 жүк тасушы автокөлік, 3 трактор, сусорғыш қондырғы, УАЗ автокөлігі және микроавтобус кезекшілікке қойылып, төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын. Сонымен қатар ауданға қарасты 12 ауылдық округтің әрқайсысында 12 дана трактор және 12 дана жүк көлігі әзірлікке келтірілген.

көпір
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Сонымен қатар Теке елдімекенінде қосымша күштер шоғырландырылды. Мұнда 3 жүк тиегіш көлік, 2 су тасығыш көлік, экскаватор, трактор, медициналық автокөлік, «Нива» автокөлігі, полиция автокөлігі және автобус дайындыққа қойылған. Бұдан бөлек, 2 жүк тиегіш көлік, 2 жүк тасушы көлік, трактор және 2 УАЗ автокөлігі жұмылдырылған.

Жалпы үш ауылды қамтитын арнайы жедел әрекет ету тобы құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Бұдан бұрын Түркістанда нөсерден кейін су жиналған аумақтарды тазарту қалай жүріп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар