Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондар талапқа сай емес

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының аумағында 128 қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон бар. Оның ішінде 35-і аудандық болса, 40-ы ауыл округінде орналасқан. Ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. 

Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондар талапқа сай емес
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповтың айтуынша, өткен жылы 3 полигонның құрылысына облыс бюджетінен 598 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген.

— Биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33-і жабылуы тиіс еді. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыс атқарылмаған. Сондай-ақ 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында — 3, Шардара ауданында — 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы құны — 537,7 млн теңге. Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі, қайта өңдейтін 3 қондырғы қою көзделген. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа қорабын дайындайтын қондырғысын алып жатыр, — деді ол.

«Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша, қалдықтардың қайта өңдеу үлесі 2025 жылға 31 пайызға жеткізу бекітілген. Биылғы 10 айда 30%-ға орындалған. Келесі жылы қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 33%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапарының» түсірілімі нәтижесінде облыс аумағында 249 нүкте (16 ауданда) анықталып, бүгінде толық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың санитарлық талапқа сай келмейтінін бұған дейін де жазған едік

Соңғы жаңалықтар