Түркістан облысында заңсыз берілген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ЖРБК Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті Байдібек, Түлкібас және Төле би аудандарының жергілікті атқарушы органдарына жер учаскелерін беру заңдылығына қатысты тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижесінде жер учаскелерінің конкурс пен аукцион өткізілмей, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып берілгені анықталды.
Соттың заңды күшіне енген шешімдерінің негізінде мемлекетке Бәйдібек және Түлкібас аудандары әкімдіктерінің қаулыларымен заңнаманы бұза отырып бөлінген 4,3 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Оның ішінде 1 149,54 га егістік және 3 209,71 га жайылым бар.
Төлеби ауданы әкімдігінің саяжай құрылысына жалпы ауданы 7,56 га болатын 63 жер учаскесі заңсыз бөлінген.
Сот бұл мәмілелерді жарамсыз деп танып, жер беру туралы шешімдерді заңсыз деп тапты.
Бұған дейін Түркістанда заңсыз салынған 14 ғимарат сот шешімімен бұзылғанын хабарлаған едік.