Түркістан облысында жұмыс уақытында шетелге кеткен білім қызметкерлеріне жалақы төленген
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында прокуратура білім беру саласында бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу деректерін анықтады.
Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудандық білім бөлімі мен оған қарасты білім беру ұйымдарында Еңбек және Бюджет кодекстері талаптарының сақталуына талдау жүргізді.
Тексеру барысында бірқатар білім беру қызметкерлерінің жұмыс уақытында және сабақ өткізу кезеңінде шетелге шығып кеткені анықталған. Алайда жұмыс орнында болмағанына қарамастан, оларға жалақы толық көлемде есептеліп, төленген.
– Аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің, сондай-ақ мектеп мұғалімдері мен жұмысшыларының сабақ және жұмыс уақытында шетелге шығу фактілері тіркелді. Талдау қорытындысы бойынша білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты 389 мың теңгеден астам, ал білім беру ұйымдары бойынша жалпы 15 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалғаны анықталды, – деп хабарлады прокуратурадан.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жұмыс уақытында шетелге шыққан қызметкерлермен қатар, аталған заң бұзушылықтарға жол берген басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 15 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп, 680 адам жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, Көкшетауда 600-ге жуық медицина қызметкері жалақыларының кешіккеніне шағымданды.