Көкшетауда 600-ге жуық медицина қызметкері жалақыларының кешіккеніне шағымданды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасының 600-ге жуық қызметкері жалақының кешіктірілуіне байланысты шағым айтты.

медстрахование врачи медицина
Фото: freepik

Медицина қызметкерлерінің сөзінше, мәселе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржы аударуды кешіктіруіне байланысты туындаған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты түсініктеме берген Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы өкілдері қор келісімшарт сомасының тек 21 пайызын ғана төлегенін мәлімдеді.

– Түскен қаржы көлемі тек үш айлық жалақыны төлеуге жетті. Сонымен қатар бұл қаражаттан салық төлемдері, коммуналдық қызметтер, дәрі-дәрмек сатып алу және балалардың тамақтануына қатысты міндетті шығындар да өтеледі, – деп хабарлады аурухана.

Мекеме мәліметінше, қосымша аванс бөлу туралы бірнеше рет ресми хат жолданған. Алайда қаңтар айынан бергі көрсетілген медициналық қызметтердің есеп-реестрлері жабылмағандықтан, қосымша қаржыландыру да, ресми жауап та келіп түспеген.

Аурухана 8 мамыр күні тарифтерді көтеру туралы қосымша келісімге қол қойылып, қаңтар айының есеп-реестрі жабылғанын хабарлады. Бірақ жарияланған сәтте қаржы мекеме шотына түспеген.

– Аурухана әкімшілігі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеу үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, – делінген хабарламада.

Өз кезегінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақмола облыстық филиалы қаржыландырудың кешігуі заңнамадағы өзгерістерге байланысты екенін түсіндірді.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар ауру түрлері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне ауыстырылып, оларға тарифтер көтерілген. Бұл өзгерістерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне енгізу үшін уақыт қажет болған.

Қор мәліметінше, бірінші тоқсанда медициналық ұйымдарға келісімшарт сомасының 30 пайызына дейін аванс қарастырылған.

– Облыстық балалар ауруханасына 636,3 млн теңге көлемінде аванс берілді. Бұл 2026 жылға арналған келісімшарт сомасының 21 пайызын құрайды. Сонымен қатар есепті кезең үшін 100 пайыздық төлем жүргізілді, – деп мәлімдеді филиал.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қосымша келісім бойынша қаражат 8 мамыр күні аударылғанын және алдағы үш күн ішінде аурухана шотына түсуі тиіс екенін хабарлады.

Айта кетейік, Көкшетаудағы әскери колледждің 300-ден астам кадеті әлі карантинде жатыр.