Көкшетаудағы әскери колледждің 300-ден астам кадеті әлі карантинде жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің 334 курсанты мен әскери қызметкері әлі карантинде жатыр.

Көкшетаудағы әскери колледждің 300-ден астам кадеті әлі карантинде жатыр
Фото: askeri_kolledzh / instagram

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек ем алуды жалғастырып жатқан курсанттар туралы соңғы мәліметтерді айтты.

— 2026 жылдың 4 ақпанындағы жағдай бойынша жұқпалы аурулар орталығында 42 курсант емделіп жатыр. Оның 38-і 18 жасқа дейінгі балалар болса, 4-уі міндетті әскери борышын өтеп жүрген сарбаз. Бұдан бөлек 60 науқас емделді. Олардың барлығы инфекциядан кейінгі оқшаулау бөлімшесінде бақылауда болады, — дейді Нариман Ермек.

Қазір провизорда 84 кадет бақылауда, оның 82 — сі 18 жасқа дейінгі балалар. Карантинде — 334 адам, оның 241-і — оқушы, 93-і — әскери қызметшілер.

— Қазіргі таңда науқастардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық, ауыр жағдай жоқ. Олардың барлығы емделіп жатыр, айтарлықтай оң өзгеріс бар. Диагноздарға келетін болсақ, қызылша диагнозы қойылған 24 науқас қазіргі уақытта диагностикалық және емдеу хаттамасына сәйкес жұқпалы аурулар орталығында ем қабылдап жатыр. Қалғандарына жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозы қойылып, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде, — деді облыстың бас дәрігері.

Медицина қызметкерлері азаматтық және әскери саланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен бірлесіп, инфекцияға қарсы барлық қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Соның ішінде колледж ішінде де, Бурабай ауданы бойынша да инфекцияның таралуын болдырмау үшін емдеу, алдын алу шаралары қолға алынған.

— Колледжден тыс жерде жұқтырудың расталған жағдайлары болған жоқ, сондықтан оны сырттан әкелді деп есептейміз. Колледжге сырттан қызылша сырқатын жұқтырып келіп, ол тарады, одан кейін басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар пайда болды, — деп қосты Нариман Ермек.

Бұған дейін Көкшетаудағы әскери колледжде қызылша дерті тарап, 66 кадет ауырып жатқандығы жөнінде жаздық.

Соңғы жаңалықтар