Түркістан облысындағы «Қапланбек» өткізу бекетінде жанжал туып, полиция іс қозғады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM– Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» өткізу бекеті маңында екі ер адамның жанжалдасып, олардың бірінің бұрауыш көрсетіп қорқытқан сәті бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тарады.
Желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға барысында көрші елден келген шетел азаматтарынан ақша талап етіліп, бопсалау әрекеттері жасалғаны айтылған.
Осыған байланысты Kazinform тілшісіне Түркістан облысының Полиция департаменті ресми түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, «Қапланбек» өткізу бекетінде болған құқыққа қайшы әрекет фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының 43 жастағы, жұмыссыз, тұрақты тұрғылықты жері жоқ тұрғыны ұсталды. Күдікті Сарыағаш аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген ресми хабарламада.
Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция шекара маңындағы аумақта қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сүйеніп, жалған мәлімет таратпауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ-өзбек шекарасында делдалдардың шетелдіктерді мазалағаны туралы жазған едік.