Түркістан халқы күнде тасаттық беріп жатыр – депутат өңірдегі қуаңшылық мәселесін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысының бірнеше ауданы қуаңшылықтан зардап шегіп жатқанын мәлім етті.

- Биыл елдің біраз өңірін қуаңшылық жайлап, тұрғындардың тыныс-тіршілігіне едәуір қиындық әкеліп отыр. Әсіресе Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандарына қуаңшылық салдары өте ауыр тиіп жатыр. Шөп шықпай, жайылымдардың қурап кетуі су көздерінің тартылуы күнделікті тұрмысқа тікелей әсер етіп отыр. Малға азық табу мұңға айналған халық күнде тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр. Кеше ғана Бәйдібек ауданындағы егіннің басында болдым. Енді жаңбырдан күдерін үзіп, еккен егініміз комбайн орағына ілінсе екен деп құдайдан тілеп отыр. Су үнемдеу жолдары неге халық арасында кеңінен қолданылмай жатыр, - деп сұрады депутат.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов былтыр су үнемдеу жүйесін енгізген шаруаларға төленетін субсидия көлемін көтергендерін айтты.
- Субсидия төленетін шығын көлемін 50 пайыздан 80 пайызға көтердік. Оның 30 пайызы жергілікті әкімдік бюджетінен беріледі. Су үнемдеу технологияларын енгізген шаруа қожалықтарына берілетін субсидия 2027 жылға дейін шығындардың 85 пайызына дейін өседі. Ал су үнемдеу технологиясын енгізбегендерге берілетін ағын су алу субсидиясы 30 пайызға дейін түседі, - деді министр.
Ведомство басшысы мемлекет ереже мен заңдар негізінде су үнемдейтін технологияларды енгізуге барлық мүмкіндіктерді жасап отырғанын айтты.
- Су үнемдеу құралдарын шығаратын екі зауытымыз бар. 2024 жылы іске қосылған. Толық қуатын енді шығайын деп отыр. Былтыр жаңбырлатып суару жүйесі 70 мың гектарға орнатылса, соның 7 мың гектарын отандық зауыттар шығарды. Биыл осы зауыттарға 30 мың гектар жерге қажетті тапсырыс түсті, - деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кету керек, Каспий мәселесін шешу аясында Қазақстан Ресейге Еділ суын бірлесіп реттеу туралы ұсыныс жасамақшы.