Түркістанда полиция капитаны қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында патрульдік полиция қызметкері жол-көлік оқиғасынан көз жұмды.

Түркістанда полиция капитаны қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты
Фото: Түркістан облысы Полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2 шілде күні Түркістан қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы оқиғаға ұшыраған.

Алдын ала мәлімет бойынша, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген жеңіл автокөлікті тоқтатуға бағытталған.

Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның Chevrolet Cobalt қызметтік автокөлігі жол-көлік оқиғасына түскен. Салдарынан полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков ауыр жарақаттанып, оқиға орнында көз жұмды.

— Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — делінген хабарламада.

Әлеуметтік желіде полиция көлігін соққан жүргізушінің сағатына 180 шақырым жылдамдықпен келе жатқаны, оған бейнебақылау қызметі, жол полициясы қайғылы жағдайға жеткізбеу үшін еш шара қолданбағаны туралы мәлімет тараған болатын. Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарды. 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы Полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.

Ведомство мәліметінше, тәртіп сақшысы антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарған.

Бұдан бұрын CҚО-дағы жол апатынан екі полицей көз жұмғаны туралы хабарлаған едік.