Түркістанда шошқа жетектеген белсенділер жауапқа тартылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Полиция белсенділерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша шара қолданды.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, шошқаның торайын жетектеген еріктілер қаладағы дүкендердің біріне кіріп, сауда залында жануарды мерзімі өтіп кеткен тауарлармен тамақтандырған.
Видеодағы кадрларда белсенділердің бұл әрекеті анық көрінеді.
Аталған жағдай бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, белсенділерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабымен шара қолданды.
Атап айтар болсақ, «ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» мен «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру».
- Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар аталған факті бойынша материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне жіберілді, - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан әкімдігі кәсіпкерге 27 млн тенге тұрақсыздық айыбын төлегенін жазған болатынбыз.