Түркістанда жаңажылдық безендіруге қанша қаржы жұмсалады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, облыс орталығын жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы қарастырылмаған.Рухани астана қаладағы шағын сәулеттік нысандар мен декоративтік құрылымдар есебінен безендіріледі. Жаңа элементтер мен мерекелік орындар серіктестер мен демеушілердің қолдауымен іске асады.
Қалада үш негізгі жаңажылдық шырша – Әкімшілік-іскерлік орталықта, Мәдени-рухани орталықта және Жеңіс саябағында орнатылмақ.
– Биыл жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Біз қолданыстағы конструкцияларды пайдаланамыз, ал кейбір элементтер демеушілер есебінен орнатылады. Олардың құрамы мен қатысу үлесі барлық ұйымдастыру мәселелері келісілгеннен кейін анықталады, – деді Түркістан қаласы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Мұхамед Адырбек.
Қазір қосымша безендірулер ұсынуға және мерекелік локациялар жасауға дайын серіктестерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ведомство өкілдері қысқы іс-шаралар бағдарламасының талқыланып жатқанын да хабарлады.
– Біз мерекелік орындардың әртүрлі нұсқаларын қарастырамыз. Олардың форматы серіктестердің ұсыныстарына және демеушілік қолдау мүмкіндіктеріне байланысты, - деп нақтылады мамандар.
Жаңажылдық безендіруге арналған жеке шығындардың болмауы тек облыс орталығына ғана емес, бүкіл Түркістан облысына да қатысты. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында облыс бюджетінен жаңажылдық шараларды өткізуге қаражат қарастырылмағаны атап өтілді.
Бұған дейін Өскемен, Павлодар әкімдіктері жаңа жылдық рәсімдеуге қанша қаражат бөлетіні хабарланған болатын.