Түркістандықтарды шіркей әбігерге салып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Биыл зиянкестермен күреске 1,4 млрд теңге бөлініп, дәрі көлемі үш есеге артты.

Биыл да шіркейлер жергілікті тұрғындарды әбігерге сала бастады. Әсіресе, Отырар ауданына қарасты ауыл тұрғындары зиянкестерден көп зардап шегіп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, таңертең оянатын шіркейлер адам денесінің ашық жерін шағып тастайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар бет аузын тұмшалап жүруге мәжбүр.

Түркістан облысы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, шіркей ошақтары Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарында анықталған. Қазір Отырардағы дәрілеу жұмыстарына 30 маман мен 11 техника жұмылдырылып отыр. Ал, биологтар нақты ошақтарды белгілеп, нұсқаулық беріп отыр.

— Түркістан облысында шіркейлерге қарсы шаралар ауқымды түрде жалғасып жатыр. Биыл зиянкестермен күреске 1,4 млрд теңге бөлініп, дәрі көлемі үш есеге артты. Былтыр Сырдарияға 40 тонна дәрі қолданылса, биыл 120 тонна сатып алынды. Қазіргі таңда ғалымдар дәрінің тиімділігін зерттеп, шіркей ошақтарын бақылап отыр. Жалпы, биыл 5 гектардан аса аумаққа химиялық өңдеу жүргізіледі, — делінген әкімдік ақпаратында.


Биолог Гаухар Кемелбекованың айтуынша, жұмыс 28 наурыздан басталған, бүгінде дәрілеудің 7-кезеңі жүріп жатыр. Алғашында биологиялық әдіс қолданылып, арнайы қауіпсіз ресейлік препарат өзендерге құйылады. Егер нәтиже болмаса, елді мекендерге химиялық әдіс те қолданылады. 21 сәуірден бастап ауыл ішіне дәрі шашу басталды. Бұл бағытта 20-дан аса техника жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысы жыл сайын шегірткеден зардап шегетінін жазған болатынбыз.