Түрмеден шыққандай болдым: ирандықтар интернеттің қайта қосылғанын осылай жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Иранда интернетке қойылған шектеулердің алынуы тұрғындар арасында зор қуаныш тудырды. Кейбір ирандықтар бұл сәтті ұзақ уақыт түрмеде отырып, бостандыққа шыққандағы сезіммен салыстырды.

интернет
Фото: ChatGPT жасаған иллюстрация

– 88 күннен кейін өзімді үш ай түрмеде отырып, алғаш рет аспанды көрген адамдай сезіндім, – деді ирандық тұрғындардың бірі BBC-дің Middle East Daily бағдарламасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, интернет қайта қосылғаннан кейін сайттардың ашыла бастағанын көргенде ерекше қуанышқа бөленген.

– Сенбейтін шығарсыз, бірақ сайттың ашылғанын көргенде қуаныштан ұшып кетердей болдым. Ал Telegram, WhatsApp және басқа да қосымшалар арқылы қайтадан хабарлама жібере алатынымды түсінгенде, бұл мүлде ерекше сезім болды. Қазір осыны айтып отырғанда да көзіме қуаныштан жас келіп тұр, – деді ол.

Оның айтуынша, телефонына келген алғашқы хабарламалардың бірі жаңартуды қажет ететін қосымшалардың ұзын тізімі болған. Бұл да оған ерекше әсер қалдырған.

Иранда интернет байланысының ішінара қалпына келтірілуі халық арасында жеңілдік сезімін тудырғанымен, елдегі цензураның күшеюіне қатысты алаңдаушылық та сақталып отыр. Себебі бұған дейін де Иранда интернетке қолжетімділік қатаң бақылауда болған.

Еске салсақ, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс бастағаннан кейін ел билігі интернетті өшіріп тастады. Ресми тұлғалардың мәлімдеуінше, бұл шара бақылау жүргізу, тыңшылық әрекеттері мен кибершабуылдардың алдын алу мақсатында қабылданған.