Тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны утилизациялық алымдар есебінен салынуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарға (ТҚҚ) арналған полигондарды утилизациялық алымдар есебінен салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов хабарлады.

Полигон
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

— 2024 жылы Үкімет 100 полигон салу жөніндегі жоспарды бекітті. Қазіргі таңда осы жоспар аясында 7 полигон салынды, ал 54 нысан бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар тарапынан белгілі бір жұмыс жүргізіліп жатыр, бәрі бюджеттік қолдауға байланысты. Айта кету керек, мұндай полигондарды салу, пайдалануға беру және оларды әрі қарай эксплуатациялау толықтай жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Қазір біз осындай жобаларды утилизациялық төлемдер есебінен қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Жақын уақытта кешенді тәсіл аясында бұл түйткілдер шешімін табады деп ойлаймын, — деді спикер.

Айта кетейік, Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Жыл бойы 328 заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, 120 мың тоннадан астам қалдықтар шығарылды.

Сонымен қатар Астанада қоқыс жағатын зауыт салынады.

Соңғы жаңалықтар