Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша отбасылардың 43%-ы татуласады
Жыл басынан бергі 9 айда елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төмендеу үрдісі байқалды. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Оның айтуынша, қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және жазаның бұлтартпаушылық процесі қалыптасып келеді.
«Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тұрмыстық қылмыстардың өсуі байқалса, онда қабылданған шаралар нәтижесінде жыл басынан бергі 9 айда олардың төмендеу үрдісі байқалды. Бұл ретте кісі өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру саны азайды», - деді И.Лепеха Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ министрлік алдын алу жұмыстарын жандандырды. Тұрмыстық жанжалқойларға қатысты 51 мың әкімшілік хаттама рәсімделді.
Сот шешімі бойынша 13 мыңнан астам адам қамауға алынды, 11 мың ерекше талап белгіленді. Мұндай іс бойынша медиация тәртібімен отбасылардың 43%-ы сотта татуласқан.
«Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылды. Барлық аталған адам профилактикалық есепке қойылады және оларға полицияның күшейтілген бақылауы жүргізіледі. Нәтижесінде шектеулерді бұзғаны үшін есепте тұрған 8 мың адам жауапқа тартылды», - деді И.Лепеха.
Бұған дейін Игорь Лепеха Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы қалай күшейтілгенін айтып берген еді.