Түссіз, иіссіз, дыбыссыз қатер: Балалар неге жиі токқа түседі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қарапайым адамдар мен балалар ғана емес, кейде электриктер де қауіпсіздік ережесін сақтамай, токқа түсіп қалады. Kazinform тілшісі мамандардан қауіпсіздік пен жалпыға ортақ ережелер туралы сұрап білді.

Балалар да қауіпті аймақты білуі керек
Ақтөбе облысында оқушылардың токқа түсіп, өлім аузынан қалуы араға бірнеше жыл салып қайталанып отыр. 2018 жылы мектеп маңындағы трансформаторға кірген оқушының екі қолы күйіп, иығынан кесілді.
Дәл осындай жағдай 2023 жылы Тараз қаласында да болды. Ол кезде 5 жасар баланы ток соқты.
Былтыр желтоқсанда Ақтөбеде бір адам трасформатор ішінде өртеніп кетті.
Ал таяуда ғана Ақтөбенің Шалқар қаласында 10 жастағы бала саябақ ішіндегі шамды ұстап, токқа түсіп қалды. Бұл іс бойынша қазір тергеу жүріп жатыр. Сараптама да тағайындалған.
Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаментінің маманы да оқиға орнына барып, мән-жаймен танысқан.

— Аллея қоршалған, 13 шам қондырылған. Бала қоршауға мінеді, шамды ұстайды. Біріншіден, ток соққан кезде электр қуаты неге автоматты түрде сөнбеді? Екіншіден, аллеяға реконструкция жасалған, бірақ құжаты жоқ. Оның жобалық-сметалық құжаты болуы керек. Мемлекеттік энергетикалық бақылаудан да өтуі тиіс. Бұл құжатты бізге ұсынбады, — деді Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының орынбасары Ерасыл Есенжолов.
Қауіпсіздікті кім қадағалайды?
Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті өңірдегі энергетика субъектілерінің жұмысын қадағалап отырады.
Яғни өңірге электр қуатын таратып отырған «Энергосистема» ЖШС, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ы филианың магистрлік электр желілер бөлімі, «Aqtobe su-energy group» АҚ, «Батыс транзит» АҚ, «КЕGОС» АҚ Ақтөбе электр желілер филиалы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Ә. Молдағұлова атындағы әуежай» АҚ-ның жұмысы үнемі бақылауда және жыл сайын жоспарлы тексеру жүреді.
Ал жеке электр желілерінің қауіпсіздігі өтініш түскенде ғана қаралады. Оған Кәсіпкерлік туралы кодекстің 144-бабы 5-тармағы негіз болып отыр.
— Кез келген тұрғын Е-өтініш қосымшасы арқылы шағым түсіре алады. Сол шағым негізінде прокуратураға хабар беріп, дәйекті материалдардың тіркелгенін айтамыз. Мәселен Ақтөбе қаласы Гришин көшесіндегі трансформатордың техникалық жағдайы бойынша өтініш келіп түсті. Оған Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімі жауапты. Тіркеп, қалпына келтіруге 30 шілдеге дейін уақыт берілді. Сонымен бірге департамент мамандары әлеуметтік желі арқылы мониторинг жасап отырады. Бүлінген, олқы тұсы бар нысанның кімге тиесілі екені анықталады. Егер энергия өндіруші, жеткізуші мекемеге тиесілі болса, қашықтан нұсқаулық беріп, жөнге келтіруді тапсырамыз. Жеке тұлғаға немесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне, жеке кәсіпкерге тиесілі болса, хат жолданады. Иесіз болса, әкімдікке хат жазады. Әкімдік сотқа беріп, иесіз деп танылған нысанды балансқа алады, — деді Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының орынбасары Ерасыл Есенжолов.

Департамент мамандары жазатайым жағдай болса, оқиға орнына барады.
— Жазатайым оқиғаның себебі көп. Бұл мәселені департамент те көтеріп, талқыға ұсынғымыз келеді. Тек қарапайым адамдар емес, энергетика мекемелерінде токқа қатысы жоқ адамдар зардап шегіп жатыр. Бұл білместік, тіпті біліксіздік. Мұндай жағдай тек Ақтөбе территориясында емес, елімізде де кездеседі. Мәселен Алматыда субұрқаққа шомылып, токқа түсті. Бұл да проблема. Адамдар қазір көшеде, саябақтарда серуендегенді ұнатады. Кешкілік шығып, тынығады. Сол көшеде, саябақта субұрқақтар бар. Демек электр желілері барлық жерде бар деген сөз. Сол желілердің жағдайы қалай? Оны кім қарап жатыр? Мердігер қалай жасады? Сапасы талапқа сай ма? Нысанды қалай қабылдап алды? Міне, осы сұрақтар көтерілуі тиіс. Ал энергетика саласындағы нысандар болса кернеулікке байланысты бөлінеді. Олардың айналасы қоршалған, талапқа сай. Иесіз трансформатор жоқ. Биыл жалпы 3 жазатайым оқиға тіркелді. Әрқайсысы әртүрлі жағдай, — дейді Ерасыл Есенжолов.
Айтып өтейік, қазір облыста электр тогының 85% тозып тұр. Тозу көрсеткіші жылына 2-10% ғана қысқарады. Энергия тапшылығы да бар. Өндіруден тұтыну екі есе көп.
Мектеп оқушыларына да түсіндіреміз — энергия таратушы мекеме
Ақтөбе тұрғындарына электр тогын тасымалдап отырған «Энергосистема» ЖШС-і қауіпсіздік үшін оқушыларды жинап, жазғы демалыс алдында түсіндіру жұмысын жүргізді.
Себебі ток иіссіз, түзсіз, дабыссыз. Бұл судан, газдан да қауіпті.
— Соңғы 10 жылда біздің жұмысшылар мамыр айында мектептің бәрін аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп жүр. Оған бірінші сыныптан бастап бітіруші түлектерге дейін қатысады. Бейнероликтер де көрсетеміз. Түсіндіру жұмысы 1-23 мамыр аралығында өтті. Ал компания ішінде сәуір айында үш күндік ауқымды семинар өтеді. Сол кезде барлық жұмыс тоқтатылып, әр бөлім өз жұмысын пысықтап, техникалық қауіпсіздік те оқытылады. Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті 6 айдың қорытындысын береді. Біз өзіміздің 20 жылдық қорытындымызды қараймыз. Кімде қандай жазатайым оқиға болды, бәріне талдау жасалады. Не болды? Себебі неде? Сұрақтарға жауап іздейміз. Әрі жаз айында желілерге күрделі жөндеу жасалады. Бұл жиын сол жұмысқа дайындық іспетті, — деді «Энергосистема» ЖШС бас инженердің орынбасары Ренат Фазкуллин.
Маман қарапайым ережелерді еске салды.
Біріншіден, ашық тұрған ток сымдарын диаметрі 8 метр қашықтықтан айналып өту керек. Сым үзілсе, жер астынан сым көрініп тұрса, түсі ақ немесе қара болса, алыс жүрген жөн.
Екіншіден, кез келген қосалқы стансада байланыс нөмірі жазулы тұр. Міндетті түрде диспетчерге хабарласып, ақпарат беру керек.
Ақтөбедегі байланыс телефоны: 8 — 7132- 21-14-12, 8 — 7132 — 24-40-97. Ахуал орталығының нөмірі: 109.
Үшіншіден, электр бағаналарымен және оған жақын ойнауға болмайды.
— Электр тогы құлаққа естілмейді, көзге көрінбейді, дәмі сезілмейді. Ең қауіптісі осы. Газдың иісін сезіп, өткізіп жатқанын ести аламыз. От болып жатқанын көре аламыз. Суды да көреміз, сеземіз. Ток қаупі осы жерде сезіледі. Сым үзіліп жатыр, одан ток өтіп тұр ма, жоқ па білмейсіз. Арнайы құралдар керек болады. Мектеп аралағанда «кім мықты» деген ойынның қауіпті екенін ескертеміз. Бағанаға шыға алатынын дәлелдегісі келуі мүмкін. Кез келген электрик бағанаға шықтайды. Жұмысқа қабылдаймыз, 6 ай үйретеміз. Одан кейін емтихан тапсырады. Арада 8 ай өткенде бағана басына шығуға рұқсат алады. Онда да биіктік шектеледі. Бір жылдан кейін арнайы оқу-жаттығу алаңына келіп, 5 метр биіктікке шығуды үйренеді. Сырттан келіп, «менің дипломым бар, дайынмын» деп ешкім айта алмайды, — деді Ренат Фазкуллин.
Алда-жалда адам токқа түсіп қалса, жанына бірден жетіп баруға да болмайды. Жалаң қолмен ұстап алу қате. Киімінің желке тұсынан тарту керек немесе қолға қорғаныш қолғабын киіп, болмаса құрғақ матамен қолды орап итерген жөн.
Мұнда да қосалқы стансада дәл осылай әрекет етуге болады. Ал далалықта сым үзіліп жатса, жанына жолай алмайсың. Тек арнайы мамандар, электриктер көмектеседі, құтқарады.

Ток күйдіріп жібереді — травматолог-комбустиолог
Токқа түскен адам әп сәтте өліп кетуі мүмкін. Денеге ток өткенде күйдіріп қана қоймай, жүрек соғысын өзгертеді, қан тамырларына кері әсерін тигізеді.
— Токқа түскен адамның жөні бөлек. Ересектерде бұл өндірістік жарақат түрінде жиі кездеседі. Электриктер жоғары кернеулі токқа түсіп қалады. Ол оқиға орнында көз жұмады немесе мүгедек болып қалады, аяқ-қолынан айырылады. Қатты әсерден күлге де айналдырып жібереді. Электрик жұмыс істеп жатқан кезде қысқа тұйықталу болып, жарқ ете қалады. Сол кезде де тиген жерін ойып жібереді. Бұл төртінші дәрежелі күйік саналады. Ал балалар тұрмыстық жағдайда токқа түседі. Өте қауіпті. Себебі жүрек соғысын тоқтатып тастайды, — деді Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасы травматология бөлімінің травматолог-комбустиологі Нұрлан Әбішев.
Оның айтуынша, ток жүрек арқылы өтіп, қан тамырларына әсер етеді.

Мәселен саусағы күйсе, қап-қара болып, теріні де, етті де күйдіреді. Көп жағдайда мұндай науқастарға ота жасалады.
— Ток адамды тесіп өтеді. Ток ұрған жерден кірсе, өзге жерден шығады. Кейде қолдан өтіп, аяқтан шығады, бір қолдан екінші қолына өтеді. Токқа түскен адам денесіндегі күйік мөлшеріне, оның тереңдегіне байланысты ем қабылдайды. Көбі ұзақ емделеді. Мұның алдын алдын алу үшін ересектер техникалық қауіпсіздік ережесін сақтауы тиіс. Ал кішкентай балаларды көзден таса қылмай қарап отырамыз, ес білгеніне үнемі ескертеміз. 2018 жылы Шалқар ауданында болған оқиға есімде бар. Сол балаға ота жасадым. Бала екі қолынан айырылды. Екі қолы қап-қара болып, күйіп кетті, — деді травматолог-комбустиолог.