18:41, 13 Қараша 2013 | GMT +5
ТЖД астаналықтарды қыс алдында сақтық шараларын қабылдауға шақырады
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Ауа райының бұзылуына орай (көктайғақ, бұрқасын, ауа температурасының төмендеуі) елордалық Төтенше жағдайлар департаменті халықты сақтық шараларын қабылдап, абай болуға шақырады. Бұл туралы astana.kz сайты жазып отыр.

«Жергілікті және республикалық маңыздағы жолдар мезгілді жабылып отырады. Қыста қолайсыз ауа райы жағдайларында жол-көлік оқиғалары, адамдардың үсіп өлуі секілді ТЖ санын қысқарту мақсатында осындай сақтық шаралары қабылданады», - делінген хабарламада. Сонымен қатар, Астана қаласының ТЖД ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына өмірді қамту жүйелерін тұрақты жұмысқа дайындау, энергия қуатымен қамтудың резервті көздерінің болуын, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, жұмысшыларға төмен температура, боран, бұрқасын және күртік қар жағдайында өзін-өзі ұстану және әрекет ету ережелерін оқыту, дабылды ескерту туралы хабарламаларды бақылау, сондай-ақ қайғылы жағдайларды болдырмау үшін жұмысшыларды, әсіресе, ауа райы бұзылған жағдайда көлікпен алыс қашықтықтарға жібермеу қажеттілігі туралы хабарлайды және еске салады. Қала тұрғындары ауа райы туралы ақпараттарды бақылап, балаларды қараусыз қалдырмауы тиіс, ұдайы өзінің хал-ахуалын тексеріп отыруы керек. Жүргізушілер көлікке портативті жылытқыш орнатып, боран кезінде түнде жолға шықпауы қажет.