ТЖМ құтқарушылары биіктігі 2630 метр тауды бағындырды
АСТАНА. KAZINFORM — Осылайша құтқарушылар 2600-ден астам метр биіктікте ҚР ТЖМ туын тікті, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

ҚР Отан қорғаушылар күні қарсанында ТЖМ құтқарушылары Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазовтың басшылығымен Риддер қаласы маңында орналасқан Иванов жотасындағы теңіз деңгейінен 2630 метр биіктікте орналасқан «Үш ағайынды» тау шыңына патриоттық мақсатта көтерілді.

— Бұл тау шыңына көтерілу — альпинистік дайындықтың негізгі бөлігі әрі қиын жағдайларда қозғалу дағдыларын жетілдірудің жолы. Жас құтқарушылар биіктікте зардап шеккендерді тасымалдау әдістерін, заманауи жабдықтарды қолдануды үйренеді, — деді ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Барлық құтқарушылар тапсырмаларды сәтті орындап, 2600-ден астам метр биіктікте ҚР ТЖМ туын тікті.
Осыған дейін ТЖМ тікұшағы Екібастұздан Павлодарға екі сәбиді шұғыл эвакуациялағаны анықталды.