ТЖМ: Өткен жылы құтқарушылар 276 адамның өмірін сақтап қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 276 адам құтқарылды.
Бұл жөнінде ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы 276 адам құтқарылды, оның 85-і - бала. Құтқару жұмыстары су айдындарында, жаппай демалыс орындарында және қауіпті учаскелерде жүргізілді, - деді министрлік өкілі.
Министрлік өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп қауіпсіздік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту шараларын қарастырып жатыр. Атап айтқанда, ең көп келушілер баратын демалыс орындарында құтқару станцияларын салу және оларды жабдықтау жұмыстары жалғасуда, сондай-ақ штат білікті кәсіби құтқарушылармен толықтырылуда.
– Жыл сайын шомылу маусымы кезеңінде судағы демалыс орындарында акваторияларды патрульдеуді жүзеге асыратын 200-ге жуық жылжымалы құтқару бекеті құрылады, - деді спикер.
ТЖМ азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және тыйым салынған жерлерде шомылмауға шақырды.
Айта кетейік, биыл шомылу маусымы басталғалы бері 10 адам суға кетті.