ТЖМ тасқынмен күреске қосымша ұшақ пен тікұшақтар сатып алмақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында тасқынмен күреске қосымша ұшақ пен тікұшақтар сатып алу қажеттігін мәлім етті.
Ведомство басшысы көктемдегі тасқын салдарын талқылай келе бірнеше кешенді шараны қолға алғандарын айтты.
«Бірінші, құтқарушыларды арнайы киім-кешекпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тәсілдері қайта қаралуда. Сатып алынатын киім сапалы және тапсырмаларды орындауға ыңғайлы қимыл қозғалысқа қолайлы болуы керек. Екінші, сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз», - деді Шыңғыс Әрінов.
Оның айтуынша, бүгінге дейін назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөліне бастаған.
«Осыған байланысты, жаңа тәсілге бой бұрып, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылуда. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқару шараларын қабылдау мүмкіндігін береді», - деді министр.