ТЖМ ұлттық парктердегі өртті арнайы камералар арқылы бақыламақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 9 мамырға дейінгі жағдай бойынша орман алқаптарында 102 өрт тіркеліп, тілсіз жау шамамен 3 мың гектар аумақты шарпыған. Осылайша елде өрт қаупі жоғары маусым басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Бір апатқа қарсы – жеті режим
Табиғи апаттарға қарсы күрес үшін Төтенше жағдай министрлігі Экология министрлігімен бірлесіп, төтенше жағдайларға әрекет етудің жаңартылған алгоритмін бекітті. Құжатта профилактикадан бастап толық жоюға дейінгі жеті әрекет ету режимі қарастырылған. Әр режимде нақты міндеттер, жауапты мекемелер мен іс-қимыл тәртібі анықталған.
Сонымен қатар, қажет болған жағдайда су төгетін құрылғылармен жабдықталған әскери-транспорттық авиацияны тарту үшін ТЖМ-нің Қорғаныс министрлігі, ІІМ және ҰҚК-мен өзара әрекет ету алгоритмі де бекітілді.
– Әрекет ету алгоритмдері жыл сайын республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар барысында тәжірибе жүзінде пысықталады. Биылғы «Өрт-2026» оқу-жаттығуы 28–29 мамыр күндері Қостанай облысында республикалық штабты орналастыру арқылы өтеді, - деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов.
Үздіксіз бақылау
Даладағы не ормандағы өрт алдын ала ескерту жасамайды. Сондықтан ТЖМ қауіпті күшейіп кетпей тұрып анықтай алатын технологияларға басымдық берген.
Ведомствоның ситуациялық залы – бүкіл жүйенің негізгі басқару орталығы. Мұнда ел аумағындағы термиялық аномалияларды тіркейтін жерді қашықтан зондтау спутниктерінен деректер келіп түседі. Сонымен қатар, «ТЖ геоақпараттық жүйесі» цифрлық сервисі нақты уақыт режимінде желдің бағыты, жер бедері, өсімдік түрі мен елді мекендердің жақындығын ескере отырып, өрттің таралуын модельдейді.
Орталықта сондай-ақ «Табиғат» жүйесі мен қауіпті аумақтарды бақылап жүрген 218 дроннан тікелей трансляциялар көрсетіледі.
Ситуациялық зал «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Семей орманы», «Ертіс орманы», «Медеу» және бес облыстағы орман алқаптарындағы өртті ерте анықтау камераларына қосылған. Қазіргі уақытта «Көкшетау» ұлттық паркін қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
– Бұл инновациялар тәулік бойы онлайн форматта жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Әуеден барлау жүргізу үшін ТЖМ бөлімшелерінде 218 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Ал өрт сөндіру бөлімдерінің қару-жарағында түрлі мақсаттағы 3,5 мыңнан астам техника бар, - деді Рамиль Камалов.
Жердегі адам факторы
Техника қанша дамыса да, көп нәрсе ормандағы мамандарға байланысты. Орманды қорғауда орманшылардың қырағылығы мен еңбегі әлі де басты рөл атқарады.
Өрт қаупі күшейген кезде ормандарда дрондармен жабдықталған механикаландырылған кезекшіліктер ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, орманды-дала аумақтарында ТЖМ қызметкерлері, полиция және орман инспекциясы қатысатын мобильді топтар патруль жасайды. Олар рейд өткізіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және орманда отқа салғырт қараудың ауыр салдары болуы мүмкін екенін ескертеді.
Бұл мәселеде заң қатал. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367 және 410-баптары бойынша құқық бұзушылықтың ауқымы мен құқық бұзушының мәртебесіне қарай 5-тен 1500 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрт шығару немесе салғырттық таныту үшін жаза бұдан да қатаң.
ТЖМ мәліметінше, биылдың өзінде табиғатты қорғау және орман мекемелерімен бірлесіп 52 өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілген. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында мемлекеттік орман күзетінің, орман өрт сөндіру станциялары мен авиациялық өрт қызметінің 360 басшысы дайындықтан өтті.
Өңірлерде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 173 өрт сөндіру бекеті кезекшілік атқарып жатыр.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Астанадағы балалар ауруханасында өрт шыққан еді.